Шымкент қаласындағы сібір жарасы: эпидемиологиялық жағдай және алдын алу шаралары
Шымкент қаласы эпидемиологиялық және эпизоотологиялық тұрғыдан сібір жарасы бойынша республика көлемінде қолайсыз аймақтардың қатарына жатады. Дегенмен, бүгінгі таңда қаладағы эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты. 2024 жылдың алғашқы 7 айында сібір жарасы тіркелмегенімен, өткен жылдары бұл аурудың бірнеше жағдайлары байқалған. Мысалы, 2019 жылы 1 жағдай, 2020 жылы 3 жағдай, 2021 жылы 6 жағдай тіркелген, ал 2022-2023 жылдары сібір жарасы мүлде тіркелмеген.
Сібір жарасы (күйдіргі) – жануарлардан адамға жұғатын (антропозоонозды) жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы – Bacillus anthracis бактериялары, олар сыртқы ортада жүз жылға дейін сақталып, физикалық-химиялық әсерлерге өте төзімді келеді. Адамдар ауруды көбінесе үй жануарлары арқылы жұқтырады: ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа және жылқы – негізгі жұқтыру көздері. Ауру малды сою, терісін өңдеу кезінде, сондай-ақ ластанған тағамдарды немесе ауыз суды тұтыну арқылы жұғуы мүмкін. Сонымен қатар, ауру ластанған топырақпен жанасқанда да таралады.
2024 жылдың жазында ыстық ауа райының әсерінен жайылымдағы шөптердің тез кебуі малдардың топырақтан сібір жарасын жұқтыру қаупін арттырды. Ауру адамға тек малмен және оның өнімдерімен байланыс арқылы жұғады, бірақ адамнан адамға таралмайды.
Аурудың белгілері көбінесе теріге зақым келтіруі арқылы байқалады, бірақ кейде ішкі мүшелерді де зақымдауы мүмкін. Инкубациялық кезең терілік түрінде бірнеше сағаттан 14 күнге дейін созылады, ал сепсис түрінде 6-8 күнге дейін жетеді. Интоксикация белгілері: бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, жаралардың және ісіктердің пайда болуы. Аурудың терілік түрі жиі кездеседі және ол қабыршақ тәрізді жаралармен сипатталады. Аурудың ауыр түрлері кезінде сепсис дамуы мүмкін, ол тыныс алу немесе асқазан-ішек жолдары арқылы қоздырғыштардың ағзаға түсуінен пайда болады. Уақытылы емделмеген жағдайда ауру өлімге әкелуі мүмкін.
Сібір жарасының алдын алу шаралары маңызды. Жыл сайын ауру қаупі жоғары топтарда, соның ішінде мал шаруашылығымен, ет өңдеумен айналысатындар және зертханашылар арасында вакцинация жүргізіледі. Жануарлар да егіледі, себебі екпе – аурудан қорғанудың ең тиімді әдісі. Биылғы жылы жоспар бойынша 767 адам вакцинацияға жатады, оның ішінде 728 адам егілді, бұл 95%-ды құрайды.
Мал өлген жағдайда оны өртеу және жою қажет, және тиісті құзырлы мекемелерге дереу хабарлау маңызды. Ауру малдың жатқан немесе сойылған орнына басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне қатаң тыйым салынады.
Шымкент қаласында сібір жарасы ауруына қатысты 8 стационарлық қолайсыз бекет анықталып, оларды бетонмен қоршау арқылы белгіленді. Сонымен қатар, малқорымдарының айналасында 1000 метрден кем емес санитариялық қорғау аймағы белгіленген, бұл жерде мал бағуға және кез келген шаруашылық жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады.
Қала тұрғындарына аурудың алдын алу шараларын қатаң сақтау қажеттігі тағы да ескертіледі!
