РУС ENG
4 ноября, 2026

ШЫМКЕНТТЕ АТМОСФЕРАЛЫҚ АУА САПАСЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

Шымкентте қоршаған ортаның жай-күйін бақылау және атмосфералық ауаның сапасын тұрақты мониторингілеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің өкілдері қаланың экологиялық ахуалы және ауа сапасын жақсарту бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Қазіргі таңда қала аумағындағы қоршаған ортаға әсер ететін нысандар экологиялық әсер ету деңгейіне қарай санаттарға бөлінген. Олардың қызметіне қатысты экологиялық талаптардың сақталуы уәкілетті органның бақылауында.

Атмосфералық ауаның жай-күйін «Қазгидромет» мекемесінің 6 бақылау бекеті арқылы мониторингілеу жүзеге асырылады. Оның 4-еуі қолмен сынама алуға, 2-еуі автоматтандырылған бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қаладағы ірі кәсіпорындарда атмосфералық шығарындыларды онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған мониторинг жүйелері енгізілген. Қазіргі уақытта мұндай жүйелер 4 ірі кәсіпорында жұмыс істейді.

Ауа сапасына әсер ететін факторлардың бірі – автокөлік шығарындылары. Қалада барлығы 534 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Осыған байланысты көлік құралдарынан шығатын шығарындыларды бақылау бойынша рейдтік іс-шаралар да жүргізілуде.

Прокуратураның ұсынысы негізінде Полиция департаментімен бірлескен іс-шара барысында 109 автокөлік тексерілді. Оның нәтижесінде белгіленген талаптардың сақталуына қатысты тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.

Экологиялық бақылау тек өндірістік нысандармен шектелмейді. Департамент тарапынан атмосфералық ауа сапасына әсер ететін факторларды анықтау, экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және анықталған кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіледі.

Ауа сапасын бақылау, мониторинг және алдын алу шаралары алдағы кезеңде де жалғасады.

Толығырақ: https://www.youtube.com/watch?v=4YglKxkJ1y4