РУС ENG
4 ноября, 2026

Шымкент қаласының тұрғындарына 58 бастапқы медициналық-санитарлық ұйым қызмет көрсетуде

Шымкент қаласының тұрғындарына 58 бастапқы медициналық-санитарлық ұйым қызмет көрсетуде, оның ішінде 14 мемлекеттік емхана (606 мың тұрғынға), 44 жеке меншік емхана (620 мың адамға) медициналық көмек көрсетеді. Жыл сайын жаңа емханалар ашылып, халыққа қызмет көрсету мүмкіндіктері артып келеді. 2023 жылы 3 жаңа емхана ашылып, 26 мың адам тіркелсе, 2024 жылы тағы 6 емхана ашылып, 27 мың тұрғын тіркелді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы №ҚР ДСМ-194/2020 бұйрығына сәйкес, емханаға тіркелу процесі оңай және қолжетімді. Азаматтар өз қалауы бойынша емханаға тіркелу үшін «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш беріп, электронды түрде тіркеле алады. Бұл әдіс цифрлық қызметтерді қолданатын азаматтар үшін тиімді әрі уақыт үнемдейді. Емханаға еркін тіркелу барысында олардың мамандарының үйде медициналық көмек көрсету мүмкіндігі алдын ала талқыланып, тіркеу куәлігінде (талонында) көрсетіледі. Тіркелген азаматтар келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа емханаларда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызмет алады.

Емхана таңдау кезінде ең маңызды фактор – оның үйіңізге жақын орналасуы. Үйден жаяу 15-20 минут ішінде жетуге болатын емхананы таңдаған жөн. Бұл таңдау сіздің медициналық көмекке жылдам әрі оңай қол жеткізуіңізге мүмкіндік береді. Емханалар аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді, яғни, сіздің емхана қызмет көрсету аумағында орналасқаныңыз маңызды. Бұл жағдай әсіресе үйде медициналық көмек қажет болған кезде, дәрігердің немесе мобильді бригаданың жедел жетуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуы медициналық бақылауды тиімдірек етеді.

Емханаға тіркелудің тағы бір ыңғайлы тәсілі – egov.kz порталы арқылы тіркелу. Ол үшін порталға кіріп, авторизациядан өтіп, өтінімді толтырып, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қою қажет. Өтініш нәтижесі өтініш берушінің жеке кабинетіне жіберіледі.

Егер Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) жүгінсеңіз, онда тіркеу рәсімін өзіне-өзі қызмет көрсету бөлімінде электрондық форматта, Connection Point арқылы жүзеге асыруға болады. Азаматтар egov.kz порталы арқылы емханаға тіркелуге өтініш бергеннен кейін, бекіту немесе дәлелді бас тарту 1 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Тіркеу науқаны емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі емес. Азаматтар жылына бір рет еркін таңдау құқығына ие болумен қатар, тұрақты немесе уақытша тұратын жерін, жұмыс орнын немесе оқу орнын ауыстырған жағдайда да емхананы өзгерте алады. Сондай-ақ, егер емхана қайта ұйымдастырылса немесе жабылса, басқа мекемеге ауысу мүмкіндігі беріледі.

Үйге жақын емханаға тіркелу не үшін маңызды?

  1. Үйіңізге жақын емхана сізге 15-20 минут ішінде жаяу жетуге болатын қашықтықта орналасқан болса, шұғыл жағдайда да медициналық көмекке жылдам қол жеткізесіз.
  2. Үйде көмек алу мүмкіндігі, соның ішінде дәрігерді немесе мобильді бригаданы шақыру жағдайында, медициналық қызметтің қолжетімділігі артады.
  3. Тек сіздің тұрғылықты аумағыңыздағы емхана үйде медициналық көмек көрсетуге құқылы, сондықтан емхана аумағында тұратын тұрғындар үшін бұл өте маңызды.

Шымкент қаласының тұрғындарына медициналық көмек көрсету жүйесі үнемі дамып, кеңейіп келеді. Емхана таңдауда жақын орналасуы, үйде көмек көрсету мүмкіндігі және жалпы қызмет сапасын ескеру маңызды. Емханаға уақытылы тіркелу арқылы сіз дәрігерге оңай қол жеткізіп, қажетті медициналық қызметтерді тиімді пайдалана аласыз.