Шымкент қаласы бойынша орталық маңызы бар 747 көшенің 522 көшесі жарықтандырылған
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Меңдіқұлов Рзабек Балтабекұлы журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңғыртудың кешенді бағдарламасы туралы айтты.
Көшелердің бойына орнатылған жарықтандыру шамдары шаһар мәдениеті мен көркінің ажырамас бөлігі болып есептеледі. Жарық жүйесі тіптен іңір қараңғылығы түскенде іске қосылып, жолаушыға жол сілтеп, мектептен қайтқан оқушыларға барар жолын көрсетіп қана қоймай, түнгі уақытта адамдар қауіпсіздігіне де қорған болады.
Шымкент қаласындағы көше жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қаланың 747 орталық маңызы бар көшесінің 522-сі қазіргі уақытта жарықтандырылған. Соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (ГЧП) аясында жарықтандыру деңгейі айтарлықтай артты.
2021 жылы 107 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 29,5 %-дан 47 %-ға дейін өсті. 2022 жылы тағы 105 көше жарықтандырылып, бұл көрсеткіш 69 %-ға жетті. Ал 2023 жылы 90 көше қосылып, қамту деңгейі 70 %-ға дейін көтерілді.
2024 жылы да жарықтандыру жұмыстары жалғасады. Тұран шағынауданындағы магистралды 13 көшені жарықтандыру, сондай-ақ бес аудан әкімдіктері тарапынан 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жоспарлануда. Бұл жұмыстар қаланың қауіпсіздігін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
«Шымкент сити» шағынауданында биылғы жылы көшелерді жарықтандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Бұл аудан жыл сайын өсіп келе жатқан тұрғындар санына қарай дамып, қазір мұнда 10 мыңға жуық адам тұрады. Ауданда 3412 пәтерден тұратын 55 көпқабатты тұрғын үй орналасқан, сонымен қатар ауыз су, электр энергиясы және табиғи газ мәселелері толық шешілген. Дегенмен, 2017 жылдан бері пайдалануға берілген кейбір көшелердегі бағдаршамдар мен жарық шамдарының ақаулары тұрғындардың наразылығын тудырды. Бұл мәселенің шешілмеуі салдарынан жол-көлік оқиғаларының саны артқан.
Осыған байланысты, өткен жылдың күзінде қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің халықпен кездесуі барысында тұрғындар осы мәселелерді көтеріп, оның шешілуін талап етті. Мегаполис басшысы тұрғындардың өтініштерін жеке бақылауға алып, тиісті басқармаға нақты тапсырмалар берді. Нәтижесінде, шұғыл түрде ақау актісі жасалып, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу барысында бірнеше учаскелерде жарық шамдарының кабельдері ұрланғаны және кейбірі жарамсыз екені анықталды.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, тиісті аумақтарда қалпына келтіру жұмыстары шұғыл түрде жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күні «Шымкент сити» шағынауданының басты жеті көшесінің алтауы толық жарықтандырылды. Олардың арасында Түркия, Қ.Жалаири, Алатау және атауы жоқ №1, №2, №3 көшелері бар. Шілде айының соңында Абылай хан көшесінде де жарықтандыру жүйелері іске қосылды.
Бұл жұмыстар «Шымкент сити» тұрғындары үшін қауіпсіз және жайлы өмір сүруге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Ауданның инфрақұрылымын жақсарту бойынша жүргізілген іс-шаралар тұрғындардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлес қосады.
