РУС ENG
4 ноября, 2026

ШЫМКЕНТ: ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Қылышбекұлы 2026 жылдың 8 айында атқарылған құрылыс жұмыстары мен алдағы жоспарлар туралы мәлімдеді.

Биыл қалада әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, білім беру саласында 7 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде №19, №16, №121, №82 мектептеріне және №122, №66 мектептерге қосымша ғимараттар, сондай-ақ Сайрам колледжінің 300 орындық жатақханасы бар. Мамыр айында 2 нысан, қыркүйекте тағы 3 нысан пайдалануға берілді. Қалған 2 нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар 8 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлығы жаңа оқу жылына пайдалануға тапсырылды. Әлеуметтік қамтамасыз ету саласында 3 нысанды іске асыру жоспарланған. Оның ішінде №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына 50 орындық қосымша ғимарат және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 150 орындық оңалту орталығы бар. Бұл екі нысанды жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Ал №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын күрделі жөндеу жұмыстары 2027 жылға өтпелі.

Төтенше жағдайлар саласында да жаңа нысандар бой көтеруде. Жаңаталап, Бозарық-3 шағын аудандарындағы жедел қызмет көрсету орталығы және Тұран шағын ауданындағы 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосының құрылысы жоспарланған. Бозарық-3 шағын ауданындағы жедел қызмет көрсету орталығы мамыр айында пайдалануға берілді. Қалған екі нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау саласында 5 нысан бойынша құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Ақжайық шағын ауданындағы 200 төсектік перинаталдық орталық, Абай ауданындағы 500 келушіге арналған емхана және №2 қалалық аурухана аумағындағы қосымша корпус бар. Тұран ауданындағы қалалық диагностикалық орталықты кеңейте отырып реконструкциялау жобасын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қалған 4 нысан 2027 жылға өтпелі.

Қала инфрақұрылымын дамыту аясында Шымкент сити шағын ауданындағы 18 гектар аумақтағы саябақтың құрылысы маусым айында аяқталып, пайдалануға берілді. Ал Тоғыс тұрғын алабындағы Қазығұрт мәдениет үйін қайта құру жобасы 2027 жылға өтпелі. Бұдан бөлек, жаңа нысандарды іске асыруға қажетті жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Қазіргі таңда 14 жоба бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынған, тағы 45 жоба әзірлену үстінде. Олардың қатарында 60 мың орындық жаңа стадион, 10 мың орындық «Шымкент Арена» кешені, 500 орындық Паралимпиада және сурдлимпиада кешені, 1 500 орындық опера және балет театры, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және спорт салаларына арналған бірқатар ірі жобалар бар.

Жалпы, қалада құрылыс жұмыстары тұрғын үймен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар, мәдениет және спорт салаларындағы нысандарды дамытуға бағытталып, бірқатар жобаны биыл аяқтау, енді бір бөлігін келесі жылға кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланған.

Толығырақ: https://youtube.com/live/_DiCTChBBKo?feature=share

#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ