РУС ENG
4 ноября, 2026

Шымкент қаласының дәріханаларында дәрілік заттардың шекті бағасынан асырып өткізу фактілері анықталмады

Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы мемлекеттік реттеуге жатады, бұл механизм шекті бағаны белгілеу арқылы жүзеге асырылады. Шекті баға – дәріханалар үшін міндетті шектеу, олар бұл бағадан асып сата алмайды. Егер дәріханалар немесе көтерме сауда орындары шекті бағаны бұзса, олар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 426-бабы бойынша айыппұл түрінде жауапкершілікке тартылады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) 2021 жылғы 27 тамыздағы № ҚР ДСМ-94 бұйрығына сәйкес, 6 890 дәрі-дәрмек атауларына шекті бағаларды бекіткен. Бұл бұйрық, әсіресе, «Covid-19» пандемиясы кезінде маңызды рөл атқарды. Пандемия кезеңінде дәрі-дәрмекке деген сұраныс күрт артқандықтан, баға бақылауы ерекше маңызға ие болды.

2021 жылы Департамент жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының ұсыныстары негізінде дәрі-дәрмек шекті бағадан асып сатылған фактілер бойынша 37 хаттама толтырды. Айыппұл сомасы жалпы 5 075 580 теңгені құрады.

2022-2023 жылдар аралығында Департаментке дәрі-дәрмек бағасының шекті деңгейден асып сатылуы бойынша өтініштер түскенімен, олар расталмады. Ал 2024 жылы бүгінгі күнге дейін шекті бағадан асып сату фактілері бойынша шағымдар түскен жоқ.

Департамент дәріханалардағы бағаны бақылау үшін ашық ақпараттық платформаларды (iteka.kz, kaspi.kz, inDrug және т.б.) пайдаланып, профилактикалық бақылау жүргізеді. Бұл бақылау барысында да Шымкент қаласындағы дәріханаларда шекті бағаны бұзу фактілері анықталған жоқ.

2024 жылы Департамент жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының хаттары негізінде 6 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында ҚР аумағында тіркелмеген дәрі-дәрмектерді сату және сақтау фактілері анықталды. Бұл фактілер бойынша ҚР ӘҚБтК 426-бабының 3-бөлігі негізінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы 6 хаттама толтырылып, олар сотқа жіберілді. Нәтижесінде 3 765 840 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Қазақстандағы дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу жүйесі тұрғындардың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету және бағалардың күрт өсуіне жол бермеу мақсатында құрылған. Шекті бағаны бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, ал мемлекет бұл саладағы құқық бұзушылықтарды үнемі бақылауда ұстап, шаралар қолдануда.