Жаңа жолаушылар терминалы 2000-нан астам жұмыс орнын құруға жол ашады
Шымкент қаласындағы жаңа жолаушылар терминал құрылысы «ЅСАТ» АҚ инвестициялары есебінен іске асырылуда. Терминалды іске қосу жолаушылар ағынын сағатына 200-ден 2000-ға арттырып, ал өткізу қабілетін жылына 10-12 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ терминалдың ішін 7 аймаққа бөлу арқылы жолаушыларға қолайлы жағдай жасалады.
Жаңа жолаушылар терминалы келесі мүмкіндіктерге жол ашады:
– 2000-нан астам жұмыс орнын құру;
– Халықаралық бағыттардағы маршруттық желілерді дамыту;
– Шетелдік әуе тасымалдаушылар мен инвестицияларды тарту;
– Әуе жүк тасымалын дамыту;
– Туристік сервисті дамыту үшін тартымды имидж жасау.
Әуежайды мультимодальды орталық ретінде дамыту стратегиясына сәйкес, әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін ангар кешенін салу, әуе кемелеріне жедел жанармай құю үшін отын құю кешенін, қонақ үй кешенін жаңғырту және әуе кемелеріне жерүсті қызмет көрсету мақсатында жаңа арнайы техникалар сатып алу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, перрон және кірме жолдармен жүк терминалын жаңарту, әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін авиациялық-техникалық орталық пен борттық тамақтандыру цехын ашу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қашықтықтан 3300х60 құрайтын жаңа ұшып-қону жолағын салу жоспарлануда. Бұл әуежайға заманауи ауыр ұшақтарды қабылдауға және ауа райының қолайсыздығына байланысты тұманды кезде ұшақтардың қонуына мүмкіндік береді.
Теміржол вокзалын қайта құру жұмыстарына келсек, қала көркін арттырып, тұрғындар мен қонақтарға заманауи талапқа сай жайлы жағдай жасау мақсатында теміржол вокзалының ғимараты қайта жаңартылды. 10 жылға жоспарланған инвестиция қаражаты 1 жыл ішінде қарастырылып, былтыр 10 маусымда басталған жұмыстар 2024 жылдың 10 мамырында толық аяқталды. Сенімгерлік басқаруға нысанды беру арқылы қайта жаңғырту жұмыстары тиімді жүзеге асқанын атап өткен жөн. Мұнда тәулігіне 27 бағыт бойынша поездардың қызметі ұйымдастырылған.
1968 жылы салынған ескі вокзалдың жалпы ғимарат алаңы 1 770,2 шаршы метрді, жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 2 мың жолаушыны құраса, бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы 2 249,33 шаршы метрге ұлғайып, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың адамға дейін артты. Сондай-ақ, жолаушыларды күту залының аумағы 898,3 шаршы метрден 1 982,3 шаршы метрге дейін артты. Жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай 2 күту залы және екінші қабатта фудкорт қарастырылды. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалды.