Шымкент қаласының инвестициялық өсімі: жаңа мүмкіндіктер және жобалар
Шымкент қаласының өнеркәсіп секторы қала экономикасының негізгі қозғаушы күші бола отырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаланың жалпы экономикалық әлеуетін арттыруға зор ықпал етуде. Өнеркәсіптік дамудың тұрақты өсімі мен жоспарлы жобалар қала экономикасының алдағы жылдардағы дамуын қамтамасыз ететін басты факторлардың бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара екенін атап өтті.
Президенттің мегаполис экономикасына шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі Жолдауы осы бағытта барлық мемлекеттік құрылымдардың жұмысын жүргізуге тікелей нұсқау болып табылады. Республикалық маңызы бар қала және мегаполис мәртебесіне сәйкес, Шымкент сенімді түрде жаңа орталыққа айналуда, ол тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңіріне инвестициялар, технологиялар мен интеллектуалдық ресурстарды тартады.
Шымкент қаласы Оңтүстік Қазақстан өңірінің негізгі өнеркәсіптік орталықтарының бірі болып табылады. Қаланың өнеркәсіптік әлеуеті қарқынды түрде дамып келеді, мұнда түрлі саладағы өндіріс орындары шоғырланған. Шымкентте қазіргі таңда 902 өнеркәсіптік кәсіпорын белсенді жұмыс істеуде, олардың 20-сы ірі, 45-і орта және 837-сі шағын өндіріс орындары болып табылады. Бұл кәсіпорындар қаланың экономикалық өсуіне және тұрғындардың жұмыспен қамтылуына айтарлықтай үлес қосуда.
Шымкенттің өнеркәсібі негізінен өңдеу өнеркәсібіне бағытталған, оның жалпы өнеркәсіптегі үлесі 85,4%-ды құрайды.
Шымкенттің өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі салаларында оң өсім динамикасы сақталуда. Өңдеу өнеркәсібінің тұрақты өсуі мен жаңғырту жобаларының іске асырылуы алдағы жылдары өнеркәсіптік көрсеткіштердің айтарлықтай жақсаруына ықпал етеді. 2024 жылдың соңына дейін 1 107,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 102,5%-ға жетеді деп күтілуде.
2024 жылы Шымкент қаласы өз дамуында инвестициялық тартылу көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартып, жаңа белестерге ұмтылуда. Қала экономикасына 203,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,4%-ға өсті. Мемлекеттік бюджеттен 29,5 млрд теңге құйылса, жекеменшік сектордан 174,2 млрд теңге инвестиция тартылды.
Биылғы жылғы жоспарға келсек, 2024 жылы 928,7 млрд теңге инвестиция тарту көзделген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 28,2%-ға жоғары көрсеткіш. Қалада 2024-2028 жылдар аралығында жалпы сомасы 2,7 трлн теңгені құрайтын 220 инвестициялық жобаның пулы дайындалды. Осы жобалар аясында 30 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Жаңа жұмыс орындары бойынша, 2024 жылы 64 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 6 336 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл жобалардың жалпы сомасы 262 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі саласында 2024-2028 жылдары 532 млрд теңгеге 9,9 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашатын 114 инвестициялық жоба іске асырылуы жоспарлануда.
Өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобаларға келсек, 2024 жылы 16 инвестициялық жоба аясында 1 809 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл жобаларға 88,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылмақ.
Қаланың алдағы жылдардағы экономикалық және инвестициялық даму перспективалары Шымкентті еліміздің экономикалық орталықтарының бірі ретінде танытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
