РУС ENG
4 ноября, 2026

Шымкенттің экологиялық жобалары: Қалада жүргізіліп жатқан көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары, олардың тұрғындарға әсері

Елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналғанын айтты: «…Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет. Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек. «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті».

Шымкентте акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығында қала көшелері, аяқ жолдары, ирригациялық жүйелер, каналдар мен арықтар тазаланып, ағаштар әктеліп, жаңа көшеттер отырғызылды. «Киелі мекен» апталығында тарихи-мәдени ескерткіштер мен мазараттар аумағы абаттандырылды. «Жасыл аймақ» апталығында саябақтар, көшелер мен аулаларда ағаштарды әктеу, шөп ору, орындықтарды сырлау, ирригациялық жүйелер мен өзен жағалауларын тазалау жұмыстары жүргізілді. «Өнегелі ұрпақ» апталығында қариялар мен ардагерлердің үйлерінде сенбілік өтіп, қарттар үйі абаттандырылды. Оқушылар мен ардагерлерге арналған еңбекке баулу іс-шаралары ұйымдастырылды. «Абай» саябағында «Ұрпақтар сабақтастығы» атты акцияда аталар мен немерелер ағаш егіп, ауқымды сенбілік өткізілді. Қатысушылар шөп жинап, ағаштардың түбін әктеді, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін бояды. «Мөлдір бұлақ» апталығында «Бадам», «Қошқар ата», «Қарасу» өзендерінің, «Бадам» су қоймасының жағалаулары тазартылды. Қураған ағаштар мен шөптер жойылып, арналар күнделікті тазаланып отырды.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласының аумағында ауқымды көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қаланың жалпы жасыл аймақтарына 210 гектарды құрайтын 10 саябақ, 44 гүлзар мен аллеялар, сондай-ақ 117 гектарлық «Дендросаябақ» кіреді. Осы жылы Сәуле және Шымсити шағын аудандарында екі жаңа саябақтың құрылысы аяқталып, тұрғындардың пайдалануына ұсынылды.

Қаланы одан әрі көгалдандыру және халыққа қолайлы демалыс аймақтарын ұлғайту мақсатында 2025 жылдың соңына дейін саябақтар санын 15-ке, ал гүлзарлар санын 50-ге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жоспарлар қаланың экологиялық жағдайын жақсарту және тұрғындар үшін жайлы, әсем серуендеу аймақтарын көбейтуге бағытталған.

Ағымдағы жылы қаланың көше абаттандыруы да ерекше назарда. Жалпы ұзындығы 36,4 шақырымды құрайтын 20 көшеде көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар шеңберінде газон егумен қатар, 52 345 ағаш көшеті отырғызылатын болады. Бұл шаралар қаланың сыртқы келбетін көркейтіп қана қоймай, оның экологиялық жағдайын жақсартуға, ауаның тазалығын арттыруға ықпал етеді. Жоспар бойынша, көгалдандырылатын аумақтың жалпы көлемі 385 860 шаршы метрге дейін кеңейтіледі.

Шымкент қаласында жайлы орта құру бағытындағы маңызды жобалардың бірі – субұрқақтар жүйесі. Қазіргі таңда қала аумағында 25 нысанда орналасқан 40 субұрқақ тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл субұрқақтардың қызметі арнайы кесте бойынша реттеліп, олардың кейбіреулері демеушілік көмегімен жаңартылды. Электр жүйелері мен насос қондырғылары қайтадан жасалып, барлық субұрқақтар уақытында қосылып, қала көркін айшықтауда.

Тарихи нысандарды жаңарту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Қала тұрғындарының ұсыныстары бойынша Тәшенов және Түркістан көшелерінің қиылысында орналасқан тарихи Көл аумағында толық жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, үш жаңа субұрқақ орнатылды. Сонымен қатар, Ордабасы алаңындағы қоршаулар, гранит жабындылары мен субұрқақтар да жаңартылып, өрнектас төселді.

Бұл жұмыстардың барлығы қаланың экологиялық және эстетикалық жағдайын жақсартып, тұрғындарға қолайлы әрі әдемі ортаны қамтамасыз етуге бағытталған. Шымкент қаласының болашақтағы жасыл аймақтары мен демалыс орындары заманауи стандарттарға сай болмақ.