РУС ENG
4 ноября, 2026

Шымкент қаласында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңа деңгейге көтерілуде

Шымкент қаласында 40 колледжде 49 348 студент сапалы білім алып, өз мамандықтары бойынша құзыреттілік деңгейлерін арттыруда. Оның ішінде 24 127 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда, ал 1429 студент жергілікті кәсіпорындардың сұранысы бойынша дайындалуда. Бұл көрсеткіштер өңірдегі білім беру жүйесінің тиімділігін, сондай-ақ кәсіби маман дайындаудағы жаңа бағыттардың дамуын көрсетеді.

Колледждердің білім беру бағдарламаларын жақсарту мақсатында, 16 колледжде құзыреттілік орталықтары құрылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл орталықтар студенттерді әлемдік стандарттарға сай оқытуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, алғаш рет 3 колледж – Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі, Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі, сондай-ақ Индустриалды-техникалық колледж Францияның аккредиттеу агенттігінде халықаралық аккредитация рәсімінен өтуде. Бұл халықаралық аккредитация колледждердің білім беру деңгейін жоғары сапаға көтеруге септігін тигізеді.

Қазіргі уақытта дуальды оқыту жүйесі аясында 165 кәсіпорын 25 колледжбен тығыз байланыс орнатқан. Осы шеңберде 42 кәсіпорын 25 колледжді қамқорлыққа алған, ал 26 педагог кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтіп, тәжірибелік білімдерін арттыруда. Дуальды оқыту жүйесі студенттердің тек теориялық біліммен шектелмей, нақты өндірістік жағдайларда тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, өңірде «Талапкер» пилоттық жобасы жүзеге асырылып, мектептің жоғары сынып оқушыларына бір уақытта мектепте және колледжде білім алу мүмкіндігі берілді. М. Өтебаев атындағы Жаңа технологиялар және Техникалық колледж осы жобаға қатысып, 75 оқушыны қабылдады.

Шымкент колледждерінің WorldSkills чемпионатындағы жетістіктері де назар аударуға тұрарлық. Қала колледждері өз позицияларын тұрақты түрде жақсартып келеді, және биыл Францияда өтетін халықаралық чемпионатқа 2 студент жолдама алды. Бұл жетістік аймақтың кәсіби білім беру сапасының халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.

Өңірлік кластерлерді қалыптастыру және жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, колледждерді бейіндеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап колледж студенттерінің стипендиясының мөлшері 50%-ға ұлғайтылады. Бұл студенттердің білім алуға деген ынтасын арттыруға септігін тигізері анық.

Тағы бір жаңашылдық – колледждерге өз өнімдерін және жұмыс берушілерден түскен қаражаттарды сату арқылы кірістерді иемдену мүмкіндігі беріледі. Бұл қаржыландырудың икемді моделі колледждердің дербестігін арттырып, өз ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Өңірдегі қажетті мамандықтарды анықтау үшін «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында жаңа мамандықтар атласы әзірленуде. Бұл жоба еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, заманауи мамандықтарды анықтауға бағытталған.

Сонымен қатар, 341 білім беру бағдарламалары Тізілімге енгізілді. Жаңа оқу жылынан бастап колледждер Тізілімге енген мамандықтарды оқытуға толық мүмкіндік алады.

Шымкент қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің осындай жетістіктері қаланың әрі қарайғы әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосары сөзсіз.