РУС ENG
4 ноября, 2026

Шымкент қаласындағы білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмыстары: «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы және жаңа жобалар

Шымкент қаласында білім беру саласындағы тәрбие жұмыстары маңызды бағыттардың бірі болып табылады. 2023 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындау аясында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» жаңартылды. Бұл бағдарлама жаңа оқу жылынан бастап іске асырылады және балалардың бойында ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталған.

Бағдарламаның басты мақсаты – оқушыларды Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық пен Жаңашылдық сияқты негізгі құндылықтарға тәрбиелеу. Осы мақсатта арнайы тренерлер дайындалып, олар мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларын оқытатын болады. Әр деңгейде сынып жетекшілері, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар және пән мұғалімдері оқытылып, құндылықтарды сыныптық және сыныптан тыс іс-шаралар арқылы жүйелі түрде іске асыру ұсынылады.

Бағдарламаның аясында 70-тен астам іс-шара енгізілді. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы арқылы Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген еңбекқор, адал, саналы азаматты тәрбиелеу басты мақсат ретінде алға қойылған. Бұл бағдарламаның негізі үш ұлттық құндылық: Ұлттық мүдде, Ар-ұят және Талап.

Тәрбие бағытында 6 ірі жоба жүзеге асырылуда:

  • «Еңбегі адал жас өрен» жобасы;
  • «Ұрпаққа аманат» жобасы;
  • «Жеткіншектің жеті жарғысы» жобасы;
  • «Ұлттық мектеп лигасы» жобасы;
  • «Төрт тоқсан – төрт өнер» жобасы;
  • «Тоғыз ай, тоғыз іс-шара» жобасы.

Сонымен қатар, отбасы институтын нығайтуда «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары да өз нәтижесін көрсетіп келеді. Білім беру мекемелерінде меншік түріне қарамастан «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталықтары ашылып, ата-аналармен тығыз байланыс орнатылды. Бүгінгі күнге дейін 48 мың ата-ана «Отбасы – бақыт мекені», «Жарасымды үштік: отбасы-бала-мектеп», «Жетістік үйірмеден басталады» атты жобалар арқылы қамтылды. Оқу жылының соңына дейін бұл көрсеткіш 100%-ға жеткізу жоспарлануда.

Оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, танымдық көзқарасын кеңейту мақсатында «Көркем әдебиет оқу» жобасы іске қосылды.

Білім сапасын арттыру бағытында да бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда:

  • «Мобилді мұғалім» жобасы;
  • «Үздік кәсіптік бағдар беру» жобасы;
  • «Жетекші мектеп» жобасы;
  • «Бейіндік сынып» пилоттық жобасы;
  • «Сауаттылық – сапалы білім негізі» жобасы.

Білім сапасына тікелей әсер ететін факторлардың бірі – педагогтардың кәсіби біліктілігі. Шымкент қаласындағы педагогтардың 64%-ы (19 354 педагог) біліктілік санатына ие. 2024 жылға дейін бұл көрсеткішті 68%-ға жеткізу жоспарлануда. 2023 жылы 8 763 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтсе, ағымдағы жылы тағы 7 742 педагог біліктілікті арттырады.

Тәрбие мен білім беру саласындағы бұл жүйелі шаралар Шымкент қаласының болашағы үшін саналы, білімді және тәрбиелі ұрпақ өсіруге үлкен үлес қосып келеді.