РУС ENG
4 ноября, 2026

Шымкент қаласында әлеуметтік қолдау шаралары: Ыстық тамақпен қамту, мектеп формасы және жазғы демалыс

Өткен жылы Шымкент қаласында әлеуметтік қолдау шаралары қарқынды түрде жүзеге асырылып, оқушылардың әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету бағытында бірқатар маңызды бастамалар қолға алынды. Солардың бірі – мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту. Аталған жылы 13 364,1 млн теңге қаржы бөлініп, 134 228 оқушы күнделікті ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

2024 жылы да бұл көрсеткіш сақталып, 134 228 оқушыны ыстық тамақпен қамту үшін 13 491,3 млн теңге қарастырылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 127,3 млн теңгеге артық. Бұл сомаға 1-4 сыныптағы 80 335 оқушы толықтай тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Әлеуметтік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларды мектеп формасымен қамту. 2023 жылы 53 893 балаға бір реттік қаржылай көмек көрсету үшін 2 209,6 млн теңге бөлінді, әр балаға 41 000 теңгеден қарастырылған. 2024 жылы бұл көрсеткіш ұлғайып, 55 195 балаға киім-кешек және кеңсе заттарын сатып алуға 2 401 млн теңге бөлінді, әр балаға 43 500 теңгеден беріледі. Бұл қаржының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 191,4 млн теңгеге артқан. Бұл санатқа атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, көп балалы отбасылардың балалары және басқа да әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары кіреді.

Сонымен қатар, жазғы демалысты ұйымдастыру аясында да елеулі жұмыстар атқарылды. 2023 жылы әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардан шыққан 7 241 балаға сауықтыру лагерлеріне жолдама беру үшін 308,5 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, 9 474 бала демеушілер есебінен демалысқа жіберілді. 2024 жылы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, 8 011 балаға сауықтыру лагерлеріне жолдама беру үшін 302,7 млн теңге қарастырылған.

Шымкент қаласындағы әлеуметтік қолдау шаралары қала тұрғындарына үлкен көмек көрсетіп, балалардың білім алуы мен денсаулығына оң әсерін тигізуде. Әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларға көрсетіліп отырған бұл қолдау шаралары олардың толыққанды білім алуына, денсаулықтарын нығайтуға және қоғамға толыққанды интеграциялануына ықпал етеді.