РУС ENG
4 ноября, 2026

Шымкент қаласында қосымша білім беру мен тәрбие жұмыстарының дамуы: Жаңа мүмкіндіктер мен жоспарлар

Өткен жылы Шымкент қаласының қосымша білім беру саласы қарқынды дамып, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылды. Қосымша біліммен қамту көрсеткіші 85,5%-ға жетіп, жалпы 221 352 оқушы осы мүмкіндіктермен қамтылған.

Оқушылардың қатысу бағыттары бойынша:

  • шығармашылық үйірмелерге 67 489 бала;
  • спорттық секцияларға 83 463 бала;
  • мектептен тыс мекемелерге 21 334 бала;
  • жекеменшік мектептердегі шығармашылық үйірмелерге 3 408 бала;
  • білім басқармасы аясында мемлекеттік тапсырыс бойынша 3 000 бала;
  • Мәдениет басқармасына қарасты мекемелерге 12 274 бала;
  • «Артспорт» бағдарламасындағы үйірмелерге 19 333 бала тартылған.

2023 жылы қосымша білім беру жүйесін дамыту мақсатында 2 жаңа нысан пайдалануға берілді:

  • 150 орындық өнер мектебі (5 000 баланы қамтиды);
  • 500 орындық оқушылар сарайы (12 000 баланы қамтиды).

2024 жылға арналған жоспар бойынша балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткіші 86,3%-ға жеткізілмек. Бұл мақсатқа орай 2024 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша 222 759 бала қосымша біліммен қамтылып, бұл көрсеткіш 86,5%-ға жетті.

Оқушылардың қатысуы бойынша:

  • Білім беру мекемелеріндегі спорт секцияларына – 88 731 бала;
  • Шығармашылық үйірмелерге – 58 505 бала;
  • Мемлекеттік сатып алу арқылы білім басқармасына – 6 000 бала;
  • Мектептен тыс мекемелерге – 22 596 бала;
  • Мәдениет, тілдер және архивтер басқармасына – 17 349 бала;
  • Дене шынықтыру және спорт басқармасына – 29 578 бала қатысып отыр.

Қосымша білім беру саласында 6 000 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастыру жоспарланған. Қазіргі уақытта оның ішінде 3 000 балаға 516,5 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілді. Қалған 3 000 орын қыркүйек айына жоспарланып отыр, бұл мақсатқа 172,2 млн теңге қарастырылған.

Сонымен қатар, қосымша білім беру инфрақұрылымын кеңейту мақсатында Тұран шағынауданында 1 оқушылар сарайы салынып жатыр. Бұл мекеме балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, олардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Осыған қоса, 2026-2028 жылдары аралығында балаларға арналған 3 сауықтыру лагерін салу жоспарланған. Бұл лагерьлер балалардың денсаулығын нығайту, демалысын тиімді ұйымдастыру және жалпы жан-жақты дамуына үлес қосатын маңызды орталықтар болмақ.

Қаланың білім беру саласындағы бұл қадамдар оқушылардың қабілеттерін дамытуға, спортқа деген қызығушылықтарын арттыруға, жалпы білім беру сапасын көтеруге үлкен ықпалын тигізеді.