Орта білім беру жүйесі: Шымкентте сапалы білімге бағытталған жаңа жобалар
Шымкент қаласындағы білім беру саласы соңғы жылдары қарқынды даму үстінде. Қаладағы мектептердің жалпы саны қазіргі таңда 275-ке жетті, оның ішінде 150 мемлекеттік және 125 жекеменшік мектеп бар. Оқушылар саны 259 173-ті құрайды, оның 206 286-сы (79,6%) мемлекеттік мектептерде білім алса, 52 887-і (20,4%) жекеменшік мектептерде оқуда.
Осы саладағы басты назар аударылатын көрсеткіштердің бірі – білім сапасы. 2021-2022 оқу жылында білім сапасының деңгейі 51,1%-ды құраса, 2022-2023 оқу жылында бұл көрсеткіш 5,1%-ға артып, 56,2%-ға жетті. Мұндай өсу білім беру процесінің сапасын арттыруға бағытталған шаралардың нәтижесі екені анық.
Биыл орта білім беру сапасын бағалаудың Ұлттық жүйесінің жаңа моделі енгізілді. Бұл модель білім беру саласындағы өзгерістер мен реформаларды сапалы түрде жүзеге асыруға бағытталған. Ұлттық баяндама шеңберінде білім беру сапасын арттыру бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. «Сапалы білім» арнайы жобасы аясында 14 жетекші мектепте командалық жұмыс басталып, білім сапасын көтеруге арналған 4 жаңа жоба іске қосылды: «Мобильді мұғалім», «Үздік кәсіптік бағдар беру», «Бейіндік сынып» және «Сауаттылық – сапалы білім негізі». Осы жобалардың нәтижесінде білім сапасы 5,1%-ға артып, 56,2%-ға жетті.
Жаңа оқу жылында «Нысаналы мектептер» жобасы қолға алынды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – білім сапасында олқылықтары бар 40 мектепке әдістемелік қолдау көрсету және педагогтардың кәсіби дамуына жағдай жасау. Әдістемелік сүйемелдеу арқылы білім сапасын жақсарту көзделіп отыр.
Сонымен қатар, биылғы оқу жылынан бастап әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету мақсатында «Цифрлық мұғалім» жобасы іске қосылады. Бұл жоба арқылы математика, химия, физика, биология және Қазақстан тарихы сияқты негізгі пәндер бойынша үлгерімі төмен оқушыларға қосымша сабақтар ұйымдастырылып, олардың біліміндегі олқылықтарды толтыруға мүмкіндік беріледі.
21 ғасырдағы дағдылар – бұл бүгінгі оқушылардың болашақта өмірде қажет болатын құзыреттер жиынтығы. PISA халықаралық зерттеулері әр циклде осы құзыреттерді бағалайды. 2018 жылы жаһандық құзыреттілік бағаланса, 2022 жылы – креативті ойлау, ал 2025 жылы цифрлық әлемде оқыту дағдылары назарға алынады. 2029 жылы жасанды интеллект-сауаттылықты бағалау жоспарланған.
Білім беру сапасын арттыруға бағытталған бұл жүйелі жұмыстар қаладағы білім саласының дамуына, оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және 21 ғасырдың талаптарына сай құзыретті мамандарды даярлауға үлес қосып келеді.
