РУС ENG
4 ноября, 2026

Ақпараттық қауіпсіздік: «i-Shymkent» порталын қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету

Шымкент қаласында ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Ағымдағы жылдың басынан бері «i-Shymkent» порталына жасалған екі кибершабуыл Орталықтандырылған цифрлық инфрақұрылымды басқару орталығы (ОЦИБ) арқылы дер кезінде тоқтатылды. Бұл қала тұрғындарының және мемлекеттік қызметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадамдардың бірі болды. Сонымен қатар, әкімдікке қарасты мемлекеттік мекемелердің жұмыс станцияларынан 30 987 вирус жойылды. Бұл ақпараттық қауіпсіздік шараларының нәтижелі екендігін көрсетеді.

№832 қаулы аясында аудан әкімшіліктерінде серверлік бөлмелер мен ішкі кабельдік жүйелер бойынша тиісті техникалық жұмыстар жүргізілді. Бұл шаралар жүйенің сенімділігін арттырып, мәліметтерді қорғауға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Оған қоса, мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс станцияларына құпия ақпараттың таралуын болдырмайтын арнайы жүйе орнатылды. Бұл жүйе мемлекеттік қызметтер мен деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір бөлігі ретінде енгізіліп, құпия ақпараттың таралу қаупін азайтуға ықпал етеді.

Байланыс сапасын бақылау бойынша мәселеге келсек, өткен жылы Өңіраралық байланыс инспекциясы қала тұрғындарынан келіп түскен шағымдарды зерделеу мақсатында 57 жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізді. Бұл тексерулер барысында 24 нүктеде байланыс сапасының белгіленген талаптарға сай екендігі анықталды, ал 33 нүктеде кемшіліктер табылды. Нәтижесінде байланыс операторларына жалпы сомасы 119 025 000 теңге айыппұл салынды, оның ішінде: «Kcell» АҚ-на 11 рет айыппұл салынды (31 050 000 теңге); «Кар-Тел» ЖШС-не 11 рет айыппұл салынды (36 225 000 теңге); «МобайлТелекомСервис» ЖШС-не 11 рет айыппұл салынды (51 750 000 теңге).

Бұл шаралар қала тұрғындарының байланыс сапасын жақсарту бойынша жасалған маңызды қадамдардың бірі болды. Ағымдағы жылы да тексеру жұмыстары жалғасын тауып, бүгінде 18 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның нәтижесінде, 2 нүктеде байланыс талаптарға сәйкес келгенімен, 16 нүктеде кемшіліктер анықталып, операторларға 44 304 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл ретте: «Kcell» АҚ 8 рет айыппұл төледі; «Кар-Тел» ЖШС 4 рет айыппұл алды; «МобайлТелекомСервис» ЖШС 4 рет айыппұл салынды.

Бұл бақылау шаралары мен айыппұлдар байланыс операторларын сапаны жақсартуға ынталандыруға бағытталған. Тұрғындар тарапынан келіп түскен шағымдарды ескере отырып, байланыс сапасын жақсарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Шымкент қаласында ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс сапасын бақылау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, олардың қауіпсіздігіне кепілдік береді. Әкімдік бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастырып, қаланың цифрлық дамуына үлкен үлес қосуды көздейді.