Шымкент қаласының қоғамдық орындарында тегін Wi-Fi: тұрғындарға арналған қолайлы орта
Цифрландыру дәуірінде интернетке қолжетімділік – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудың маңызды аспектілерінің бірі. Осы мақсатта Шымкент қаласында қоғамдық орындарды тегін Wi-Fi желісімен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2023 жылы қаладағы 20 қоғамдық орынға Wi-Fi орнатылып, 55 құрылғы іске қосылды. Бұл тұрғындарға ашық кеңістіктерде, саябақтарда және басқа да қоғамдық орындарда интернетке тегін қосылуға мүмкіндік берді.
Ағымдағы жылы бұл бастама жалғасып, қосымша 5 қоғамдық орынға тағы 15 Wi-Fi құрылғылары орнатылды. Осылайша, жалпы 70 Wi-Fi құрылғысы халыққа қолжетімді болып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін ыңғайлы және цифрлық мүмкіндіктерге бай орта қалыптасты.
Бұл шаралар қала тұрғындарының интернетке деген сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, цифрлық мәдениетті дамытудың және қоғамдық орындарда қолайлы жағдай жасаудың бірден-бір құралына айналды. Тегін Wi-Fi желілері тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, жұмыспен және оқу үдерісімен байланысты қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласы әкімдігі қоғамдық орындарда тегін интернетті дамыту жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра отырып, қала тұрғындарына арналған цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыруды басты мақсаттарының бірі ретінде белгіледі.
Шымкент қаласы цифрландыру мен интернет инфрақұрылымын дамытуда айтарлықтай қадамдар жасауда. Қаладан шалғай орналасқан 20 елді мекенді жоғары жылдамдықты оптикалық интернетпен қамтамасыз ету жобасы аясында жеке инвесторлар қарастырылып, 210 000-ға жуық қала тұрғынына талшықты оптика желісіне қосылу мүмкіндігі жасалды. Бұл ауылдық аймақтарда тұратын тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік, себебі жоғары жылдамдықты интернет білім беру, медицина, мемлекеттік қызметтер мен басқа да маңызды салаларға қолжетімділікті арттырады.
Жобаның маңызы тек интернет жылдамдығын арттырумен шектелмейді. Бұл шалғай аудандардағы цифрлық алшақтықты азайтып, барлық тұрғындардың заманауи технологиялардан тыс қалмауын қамтамасыз етуге бағытталған қадам. Ағымдағы жылдың жоспарына сәйкес, 2024 жылы қосымша 20 елді мекенге талшықты оптикалық желі жүргізу үшін жеке инвесторлармен меморандум түзілді. Жыл соңына дейін бұл елді мекендерде тиісті жұмыстар толығымен аяқталып, тағы да көптеген тұрғындар интернетке қосылу мүмкіндігіне ие болады.
Шымкент қаласындағы мектептер де цифрлық дамудың бір бөлігі болып, интернет жылдамдығын арттыру шаралары аясында жаңартылуда. Цифрландыру басқармасының қолдауымен білім беру мекемелерінде орталықтандырылған модельге көшу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда қала аумағындағы 147 мектепте интернет жылдамдығы 150 мб/сек деңгейіне дейін көтерілді. Бұл интернеттің 100 мб/сек бөлігі оқу процесіне бағытталған болса, қалған 50 мб/сек бейнебақылау жүйелері мен SOS батырмаларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге арналған.
Бұл қадамдар оқушылардың білім алуы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында маңызды рөл атқарады. Заманауи цифрлық құралдарға қолжетімділік оқу процесін жеңілдетіп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар, мектептердегі интернетті қашықтықтан бақылау функциясы іске қосылды. Бұл жүйе интернеттің үздіксіз жұмысын бақылауға және кез келген техникалық ақауларды уақытында анықтауға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласындағы бұл жобалар білім беру саласы мен шалғай елді мекендердегі цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады. Жоғары жылдамдықты интернет пен заманауи цифрлық технологиялар қаланың барлық тұрғындарына қолжетімді болады.
