ЕЛ БОЛАШАҒЫ — БІЛІМДІ ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА
Бүгінгі таңда қоғамның дамуы мен оның болашағы өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуден басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің болашағы ретінде жас ұрпаққа ерекше назар аударып, олардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз етуді мемлекет пен қоғамның басты міндеті ретінде айқындап отыр. Бұл жөнінде бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында тоқталды.
Президент «Жалпы елімізде ата-аналардың жауапкершілігі идеясын ілгерілетуге бағытталған қоғамдық бастаманы қолға алу қажет деп санаймын. Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға нақты шара қабылдауды тапсырамын. Балалар мен жасөспірімдер арасында ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттауымыз қажет. Мысалы, жақында өткен Дүниежүзілік олимпиададағы шахматшы қыздарымыздың жарқын жеңісі үлгі етуге тұрарлық», — деді.
Ата-аналардың жауапкершілігі тек балалардың білім алуына немесе тәрбие процесіне ғана қатысты емес, бұл ұрпақтың болашаққа дайындығы мен олардың әлеуметтік дамуына қатысты кешенді міндет. Қазіргі заманда балалардың жан-жақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету — ата-аналардың, білім беру мекемелерінің және мемлекет арасындағы бірлескен күш-жігерді қажет ететін күрделі процесс. Осыған байланысты ата-аналарға олардың балалардың тәрбиесі мен дамуына деген жауапкершілігін түсіндіру және қоғамдағы рөлін нығайту қажет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен тәрбиесі туралы айтқан бастамалары Қазақстанның жарқын болашағын қамтамасыз етуде маңызды қадамдар болып табылады. Ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, шынайы қаһармандарды насихаттау және талантты балалар мен олардың ұстаздарын қолдау — қоғамның рухани және интеллектуалды дамуына ықпал ететін негізгі бағыттар. Бұл бастамалар еліміздің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, келешек ұрпақтың табысты дамуына жол ашады.
Бекзат Төлебай
“AMANAT” партиясы жанындағы “Жастар Рухы” ЖҚ Шымкент қалалық филиалының төрағасы