Шымкент қаласындағы цифрландыру: «Smart City» стандартын енгізу мен алдағы жобалар
Шымкент қаласында цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шымкент қаласының цифрландыру саласындағы жұмыстары еліміздің дамуына, тұрғындардың өмір сапасының артуына және инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының «Ақпараттандыру туралы» Заңының 7-бабының 63-5-тармақшасын іске асыру мақсатында өңірімізде «Smart City» эталондық стандарты бекітілген болатын. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, «Smart City» стандартына сай бірнеше жоба іске асырылды. Атап айтқанда, коммуналдық ресурстарды қашықтықтан есепке алу, 109 біріңғай байланыс орталығы, жарықтандыруды басқару жүйесі, бейне бақылау жүйесі, геоақпараттық жүйе, біріңғай есеп айырысу орталығы, онлайн төлем секілді жобалардың жүзеге асырылуы көрсеткіштің 55%-ға жетуіне мүмкіндік берді. 2023 жылдың нәтижелерін қорытындылай келе, I-qala, қоғамдық көлікті басқару жүйесі, білім беру ұйымдарының біріңғай бейнемониторинг жүйесі секілді жобалар әзірленіп, «Smart City» көрсеткіші 61%-ға өсті.
Ағымдағы жылы қала аумағында бірнеше жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Олардың ішінде жол қозғалысын басқару жүйесі, автожолдардың сапасын бақылау, өңірлік IT-хаб, жасыл кеңістіктердің сандық есебі жобалары бар. Бұл жобалар іске асырылғаннан кейін, күтілетін болжам 74%-ға ұлғайып, Шымкент қаласының цифрландыру көрсеткіштері жаңа деңгейге көтеріледі.
Шымкент қаласында «Shymkent IT HUB» технологиялық паркін ашу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл HUB білім беру бағдарламалары кеңесінің қызметін қолдауға, технологиялық кәсіпкерлікті танымал етуге және технологиялық стартаптарды дамытуға бағытталған.
Қазіргі уақытта технопарк ғимараты бекітіліп, материалды техникалық базасы, соның ішінде техникалық құрал-жабдықтар, жиһаз және кеңсе тауарлары жеке инвесторлар есебінен қаржыландырылуда. «Astana IT HUB» технопаркімен Әкімдік арасында өткен 2 жартыжылдық қорытындысы бойынша Меморандум жасалып, ресми ашылу жоспарлануда.
«Shymkent IT HUB» ашылуымен қалада инновациялық экожүйе қалыптасып, жастар мен кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Бұл жобаның мақсаты – жергілікті IT-саласын дамыту, стартаптарды қолдау және технологиялық білім беру деңгейін арттыру. Шымкенттің цифрландыру жолындағы жаңа қадамы, сөзсіз, өңірдің экономикалық өсуіне және қоғамның технологиялық жаңғыруына оң әсер етеді.
«ІТ Hub» ашу арқылы еліміздің өңірлерінде цифрлық экожүйе қалыптастыру көзделуде. Бұл шаралар бизнес, стартаптар мен инновациялар үшін қолайлы орта жасауға, сондай-ақ, еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған. Қазақстанның цифрландыру және технологиялық даму жолындағы бұл қадамы, әрине, еліміздің экономикалық және әлеуметтік өсіміне оң әсер ететіндігі сөзсіз.