Шымкентте сыртқы көрнекі жарнама саласындағы бюджет түсімдері жыл сайын артуда
Шымкент қаласының сыртқы көрнекі жарнама жүйесі қарқынды дамып келеді. Қала аумағында қазіргі уақытта 613 жарнама құрылғысы орналасқан, оның ішінде ЛЭД мониторлар үлесі 15-20% құрайды, ал қалған 80% скроллер және басқа құрылғылардан тұрады. Басқарма тарапынан 2021-2024 жылдар аралығында ЛЭД жарнама құрылғыларының үлесін 40-50% дейін жеткізу жоспарланып отыр.
2023 жылдың қорытындысы бойынша, жоспарланған 540 млн теңгеге қарсы 600 млн теңге (111%) түсім түсіп, бюджетке қосымша қаражат қамтамасыз етілді. 2024 жылға арналған жоспар бойынша 600 млн теңге көзделген, ал 7 айдың қорытындысы бойынша 235 млн 102868 теңге түсім алынған. Бұл көрсеткіштер сыртқы көрнекі жарнама саласындағы бюджет түсімдерінің жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді.
Заңсыз құрылыс мәселесі де қалада ерекше назар аударуды талап етеді. 2024 жылдың 7 айы ішінде 155 заңсыз құрылыс нысаны анықталып, тиісті шаралар қабылдау үшін Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жолданды. Сондай-ақ, 82 құрылыс нысаны бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар Кодексінің 802-бабына сәйкес айыппұл салынып, мемлекет бюджетіне 45 млн 509 мың 694 теңге түсім түсті.
Аталған нысандар Шымкент қаласының Геоақпараттық жүйесінің кезекші картасында нақты белгіленген. Заңсыз құрылысқа жол бермеу және алдын алу мақсатында басқарма тұрғындар арасында аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бұл шаралар қала тұрғындарының құқықтарын қорғауға, сондай-ақ құрылыс сапасын арттыруға бағытталған.
Шымкент қаласының көрнекі жарнама және құрылыс саласындағы жағдайын бақылау мен жақсарту үшін атқарылып жатқан жұмыстар, қала тұрғындары мен бизнес қауымдастығы үшін маңызды болып табылады.