Шымкент қаласының инфрақұрылымын дамыту: Мемлекет мұқтажына жер учаскелерін қайтару жұмыстары
Шымкент қаласында мемлекет мұқтажына жер учаскелерін қайтару бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл шаралар қаладағы маңызды нысандардың құрылысын жүзеге асыру және инфрақұрылымды дамыту мақсатында қолға алынған. Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының өндірісінде 2473 жер учаскесіне қатысты 273 нысан бойынша 64 қаулы қабылданып, мемлекет мұқтаждығына қайтару жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
2024 жылдың шілде айында жалпы алаңы 136,8 гектар болатын 210 жер учаскесі мемлекет меншігіне мәжбүрлеп иеліктен шығарылды. Бұл мақсатта 4,3 млрд теңге қаржы бөлініп, игерілді. Атап айтқанда, Қонаев даңғылының жалғасы, С.Бәйтереков көшесінің жалғасы және Қаратау ауданындағы «Стадион» құрылысы үшін жер учаскелерін қайтару шаралары іске асырылуда.
Қонаев даңғылының жалғасы бойынша 221 нысанның 134-іне бағалау жүргізіліп, өтемақы ұсынылды. Оның ішінде 99 жер учаскесі өтемақыға келісімін беріп, мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жоба қаладағы көлік инфрақұрылымын дамытуға маңызды үлес қосады.
С.Бәйтереков көшесінің жалғасы Ы.Алтынсарин көшесінен Тұран шағын ауданына дейінгі аралықта қайта құру үшін 50 жер учаскесі мемлекет мұқтаждығына қайтарылуға жатады. Қазіргі уақытта 11 жер учаскесіне өтемақы төленіп, мемлекет иелігіне алынған.
Сондай-ақ, Қаратау ауданындағы «Стадион» құрылысы үшін 176 жер учаскесі мемлекет мұқтажына қайтарылуға жатады, оның 80 учаскесі бойынша өтемақы төленіп, иеліктен шығарылды. Бұл шаралар қала тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік және спорттық нысандардың салынуына мүмкіндік береді.
Бюджет қаражатының игерілуіне келетін болсақ, 2024 жылы басқармаға бөлінген жалпы қаражат көлемі 10 млрд 766 млн теңгені құрады. Шілде айындағы жоспарға сәйкес қаражаттың 99,9%-ы игерілген. Бұл көрсеткіш қаланың инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларын іске асыруда бюджет қаржысын тиімді пайдалану деңгейін көрсетеді.
Жалпы, мемлекет мұқтажына жер учаскелерін қайтару және бюджет қаражатын игеру бойынша атқарылған жұмыстар Шымкент қаласының дамуы мен өркендеуіне бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
