РУС ENG
5 декабря, 2024

Абай ауданындағы 2024 жылға арналған әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамудың жыл соңына дейінгі жоспарлары

2024 жылы Абай ауданында ауқымды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Жоспарға сәйкес, аудан әкімдігінің бастамасымен және бюджет есебінен астам қаржы бөлініп, түрлі бағыттардағы маңызды шаралар атқарылды.

Алдымен, аз қамтылған отбасыларға және әлеуметтік жағынан осал топтарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мүгедек күтушілері, қолайсыз отбасылар, тыл ардагерлері және пробация есебінде тұрған азаматтар үшін демеушілердің көмегі арқылы 400-ден астам отбасына азық-түлік түрінде көмек көрсетілді. Бұл қолдау тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік қадам болып табылады.

Инфрақұрылымды дамыту бойынша 2024 жылдың соңына дейін бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Жалпы Абай ауданы әкімі аппаратына қаралған қаржы көлемі 3 887,6 миллион теңге.  Бұл қаражат мерекелік іс-шараларды ұйымдастырудан бастап, елді мекендерді абаттандыру, балалар ойын және спорт алаңдарын салу, қоқыс алаңшаларын орнату сияқты жобаларға бөлінді. Аудан көшелерін жарықтандыру, аяқ жолдар мен гүлзарларды орнату да осы жоспардың маңызды бөліктерінің бірі.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында, биыл 22 жоба іске асырылмақ. Олардың ішінде 20 балалар ойын алаңы және 2 спорт алаңы салынатын болады. Бұл жобаларға 531 миллион теңге бөлініп, балалар мен жастардың қауіпсіз және жайлы ортада уақыт өткізуіне жағдай жасалады. Сонымен қатар, Жиделі шағын ауданында 76 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылып, жаңа гүлзар салынбақ. Құрылыс жұмыстары қазіргі уақытта басталды.

Ауданның инфрақұрылымын дамыту бағытында тағы бір маңызды қадам – 15 шақырымға созылатын жаңа аяқ жолдарды салу. 22 көшеге 15 мың шаршы метр аяқ жол салуға 200 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба аудан тұрғындарының қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізеді.

Ауданның тазалығы мен экологиясына да ерекше көңіл бөлінген. Қала аумағында 20 қоқыс алаңшасы және орталық көшелерге 200 дана қоқыс жәшіктері орнатылмақ. Бұл жұмыстарға 66,3 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Қоқыс алаңшаларының көбеюі ауданның экологиялық жағдайын жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Аудан аумағында мерекелік безендірулерге де айтарлықтай қаржы қарастырылған – 130 миллион теңге. Бұл қаржы мерекелер қарсаңында қала аумағын сәндеп, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлауға бағытталған.

Сонымен қатар, аудан инфрақұрылымының маңызды бөліктерінің бірі болып саналатын ирригациялық жүйелерге де ерекше назар аударылуда. Биылғы жылы 9 нысанға ирригациялық жүйелер орнатуға 443,7 миллион теңге бөлініп, осы бағыттағы жұмыстар жыл бойы жүзеге асырылатын болады.

Жалпы, 2024 жылы Абай ауданында жүзеге асырылатын жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болмақ.