Шымкент қаласының Қаратау ауданы: инфрақұрылымдық даму мен халықты қамтамасыз ету жағдайы
Шымкент қаласының Қаратау ауданы – халық саны 213 мыңнан асатын, жалпы аумағы 19 500 гектарды құрайтын аймақ. Мұнда 18 елді мекен, 595 көше, 29 762 жеке тұрғын үй және 603 көп қабатты үй орналасқан. Аудан аумағында 11 демалыс орны бар, ал инфрақұрылымдық жүйелермен қамтамасыз ету мәселесі жыл сайын даму үстінде.
Аудан халқының 98%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қамтуды қажет ететін аймақтар – Сайрам, Қызылсу тұрғын алаптары және Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумағы. Аталған елді мекендерде 2023 жылы су құбырының құрылысы басталды, ал жұмыстар ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұл жобалардың аяқталуы Қаратау ауданының ауыз сумен қамтылу көрсеткішін 100%-ға жеткізеді.
Электр энергиясымен қамту деңгейі де 98%-ды құрайды. Бозарық саяжайы мен Сайрам тұрғын алабының жаңақұрылыс аумақтары электр энергиясымен толық қамтамасыз етілмеген. 2023 жылы Бозарық саяжайының аумағында электр желілерінің құрылысы басталып, абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Сайрам тұрғын алабы мен Қайтпас шағынауданының жаңақұрылыс аумағын электрмен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізілуде. Аталған жұмыстардың аяқталуымен электрмен қамту көрсеткіші 100%-ға жетеді.
Қаратау ауданында табиғи газбен қамту деңгейі 96%-ды құрайды. Газдандыруды қажет ететін аймақтар: Тассай, Бозарық, Таскен, Қызылсу, Шапырашты, Өтеміс, Достық, Мәртөбе және Мирас елді мекендерінің жаңақұрылыс аумақтары. 2024 жылдың III тоқсанына дейін Тассай тұрғын алабы мен Бозарық саяжайы жаңақұрылыс аумағын табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл жұмыстар аяқталған соң, табиғи газбен қамту көрсеткіші 98%-ға жетеді. Қалған аймақтардағы газдандыру жұмыстары 2025 жылға жоспарланған.
Қаратау ауданының инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, алдағы жылдары барлық тұрғындар қажетті инфрақұрылымдық қызметтермен толық қамтылады деп күтілуде.
