РУС ENG
4 ноября, 2026

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА «ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕГІ – БЕТБҰРЫС» ТАҚЫРЫБЫНДА АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгінгі таңда ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім – тәрбие мен білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындап, ұлттық игіліктермен азаматтық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу, ұлттық сананы қалыптастыру көкейкесті мәселелердің бірі болып отырғаны анық. Сол себепті, ұрпақ тәрбиесіне назарды бұру шарт.

Осы орайда, Жетісай ауданының «Ардагелер орталығы» залында ардагерлердің қатысуымен «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» тақырыбында арнайы кездесу өтті. Атаулы жиынға жастардың тәрбиесіне мүдделі органдар өкілдері, Жетісай қалалық білім бөлімінің қызметкерлері,  Ішкі саясат  бөлімінің мамандары, Ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелері,  «Әкелер мектебінің» төрағалары мен «Әжелер алқасының» төрайымдары қатысты.

Жастар тәрбиесіне тікелей жауапты сала өкілдері арнайы баяндама жасап, ауданда жастар тәрбиесіне байланысты жүргізіліп жатқан іс-шалар мен жоспарлар жөнінде бөлісті.

«Осында отырған аға буын өкілдерінің басты мақсаты — атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық жәдігерлерімізді, салт-дәстүрімізді дәріптеу, отбасы құндылықтарына баса назар аудару, тіліміз бен дінімізді, мәдениетімізді құрметтеу жұмыстарын жандандыру. Әсіресе жастардың тәрбиесіне аса көңіл бөліп, оларды қарапайымдылық пен қайырымдылыққа, үнемшілдікке үйрету керек. Қазіргі кезде отбасының бүгіні мен келешегі үлкен проблемаға айналып отыр. Біз ұрпағымызды елдің патриоты етіп тәрбиелеу үшін үлкен үлес қосуымыз керек»,- деді аудандық ардагерлер кеңесің төрағасы.

Жастардың тәрбиесі — қоғамдағы басты назарда болып, әрбір ата-ана бала тәрбиесіне мән беру керектігі, мектептерде тәрбие жайында жиындарды жиі ұйымдастырып, мемлекеттің жарқын болашақтарына дұрыс білім берумен қатар, тәрбиесіне аса мән беру керектігі жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды.