АУДАН АРДАГЕРЛЕРІ: ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ
Бәйдібек ауданында аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» тақырыбында келелі басқосу өтті. Жиынға Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелері, Ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Әкелер мектебі» және «Әжелер алқасы» ұйымдарының мүшелері мен барша аудан ардагерлері қатысты.
Кездесуге арнайы келген қонақтар күн тәртібіндегі «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» тақырып аясында сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаса салды.
- Бүгінгі таңда «жастар тәрбиесі» өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі, ертеңгі саналы ұрпақ — болашақтың алтын тұтқасы. Жастар мәселесіне осында отырған әрбіріңізді алаңдатуы шарт. Осы бағыт аясында, бірлесе және бірге жұмыс жасауға міндеттіміз, — деді ардагерлер кеңесінің мүшесі.
Сонымен қатар, жиынға қатысушылар бүгінде жас ұрпақ тәрбиесіне бетбұрыс жасау қажеттілігі көтеріліп келеті мен бұл мәселеге бүкіл қоғам болып атсалысу керек, тиісті құзырлы орган басшылары озық идеяларды қолдап отыруы қажеттігін алға тартты.
Басқосуда алдымызда тұрған міндет – ұрпақ тәрбиесіне жаңа бағыт, жаңа көзқарас, жүректен-жүрекке жететін әртүрлі тақырыпта қойылым ұйымдастыру арқылы жаңа тәрбиенің формасын өмірге ендіру керектігі айтылды. Сондай-ақ, жиын барысында көптеген ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Ұрпақ тәрбиесіндегі сабақтастықты дамыту жолында кешенді бағдарлама жасау қажеттігі де айтылды. Әкім аппаратының қызметкерлері жиын соңында көтерілген түрлі мәселелер назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, тиісті жұмыстарды бірлесіп жүргізуге шақырды.
