ТҮРКІСТАНДА ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ ЖӨНІНДЕ КЕҢЕС ӨТТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді. Осыған орай, балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет» деген болатын.
Бүгінгі таңда Президент тапсырмасы аясында, Түркістан облысында бірқатар іс-шаралар мен кездесулер өтуде. Кезекті кездесу – «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» тақырыбында Түркістан қаласында ұйымдастырылды. Жиынға Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, қалалық Ардагерлер ұйымының төрағасы, Әжелер алқасының төрайымы, мектеп басшылары мен білім ордаларының «Әкелер мектебінің» төрағалары, психологтар және ата-аналар қатысты.
Кездесу барысында өскелең ұрпақ тәрбиесіне байланысты қалада атқаралып жатқан жұмыстар баяндалып, жастар арасындағы өзекті мәселелер ортаға салынды.
«Әкелер мектебі бүгінгі таңға дейін іс-шаралар өткізіліп, білім беру мекемелерінде, халық көп шоғырланған орындарда түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Әкелер мектебінің жұмыс барысын кең көлемде насихаттап, қоғам болып, болашақ ұрпақтың тәрбиелі де білімді, саналы болып өсуіне өз септігімізді тигізуге шақырамын», – деді «Әкелер мектебінің» төрағасы.
Жиын соңында ұрпақ тәрбиесінің қазіргі қоғамдағы маңыздылығы, жастардың дамуы, отбасындағы баланың тәлім-тәрбиесі жайында ой қозғалып, маңызды әңгімелер айтылды.
