РУС ENG
4 ноября, 2026

Шымкентте қаржы пирамидаларымен күресте оң нәтижелер байқалуда

Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, экономикалық тергеу қызметінің полковнигі Бақыт Сапарғалиұлы Қайшыбеков брифинг барысында қаржы пирамидаларымен күрес бойынша департаменттің атқарған жұмыстары туралы ақпаратпен бөлісті. 20 жылдан астам уақыт құқық қорғау органдарында қызмет еткен Қайшыбеков үш облыста департамент басшысы болған және 2024 жылдың наурыз айынан бастап Шымкентте қызметін жалғастырып келеді.

Брифинг барысында департаменттің негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қаржы пирамидаларын анықтау, тергеу және алдын алу екені айтылды. Штаб басшысы Камилхан Исмаиловтың мәліметінше, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында үш қылмыстық іс анықталып, тіркелген, оның біреуі аяқталып, қалған екеуі тергелу үстінде. Өткен жылы бес іс анықталып, төртеуі аяқталып, бір іс Алматы қаласына жолданған.

Қаржы пирамидаларының басшыларына қатысты сот үкімдері де шығарылған. Мысалы, «Ақ Үй Арман» пирамидасының басшысы бес жылға, ал «Гәп» пирамидасының жетекшісі алты жыл сегіз ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жалпы, зардап шеккен азаматтардың саны 2023 жылы 960 адам болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 690-ға дейін азайған. Тиісінше, қаржылық залал көлемі де 720 миллион теңгеден 432 миллион теңгеге дейін төмендеген.

Қаржылық пирамидамен күрес тек қылмыстық істерді тергеумен шектелмей, оның алдын алуға бағытталған. Интернеттің дамуы мен әлеуметтік желілерде заңсыз қызметтер, пирамида жарнамаларының көбеюі бұл мәселеге ерекше назар аударуды талап етеді. Осыған орай, Цифрлық даму, инновациялар министрлігімен бірлесе отырып, «Кибернадзор» жүйесі арқылы 450-ден астам заңсыз сайт пен әлеуметтік желілердегі парақшалар бұғатталған. Сонымен қатар, WhatsApp және Telegram желілеріндегі қаржы пирамидаларына қатысы бар 10 топ жабылған.

Қайшыбеков интернеттегі ақпаратты бұғаттау бойынша мүмкіндіктердің кеңейгенін атап өтті. Егер қаржы пирамидалары туралы күмәнді мәліметтер болса, оларды онлайн режимде анықтап, дереу тосқауыл қою мүмкіндігі бар екенін айтты. Қаржы пирамидаларының тізімі мен қылмыстық істер туралы ақпараттар Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми сайтында жарияланып, барлық азаматтарға қолжетімді.

Сонымен қатар, «Байқа пирамида» және «AFM Insider» Telegram-боттары іске қосылған. Бұл қызметтер арқылы кез келген азамат инвестиция жасауға ниеттенген компанияны тексеріп, оның қаржылық пирамидаға қатысы бар-жоғын анықтай алады.

Қаржы пирамидаларының құрбаны болмаудың басты жолы – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Осы мақсатта 2022 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, жоғары және орта оқу орындарында қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған арнайы сабақтар жүргізілуде.