Шымкент қаласы бойынша зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 205 000 астам азаматты құрайды
Шымкент қаласында зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 205 мыңнан астам азаматты құрайды, ал жалпы төлемдер көлемі 339 774 мың теңгені қамтиды. Қала тұрғындарына 16 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. 2024 жылдың алғашқы жарты жылдығында жаңадан тағайындалған және қайта қаралған зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар саны 74 191-ге жеткен, оның ішінде 43 643 жаңа зейнетақы мен жәрдемақы тағайындалса, 30 548 төлем қайта қаралған.
Есеп беру кезеңінде 59 өтініш бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылған, сонымен қатар 668 мемлекеттік кепілдік төлеуден бас тарту жағдайы тіркелген. Мемлекеттік қызметтер Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес көрсетіліп, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде мерзімдік бұзушылықтар мен заңсыз тағайындалған төлемдер орын алмаған.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында әлеуметтік төлемдер бойынша жалпы 34 772 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Мемлекеттік қызмет көрсету барысында кейбір өтініштерде қателіктер анықталып, 948 іс қалпына келтіру үшін кері қайтарылған, бұл өтініштердің жалпы санының 2,7%-ын құрайды. Сонымен қатар, 26 іс бойынша азаматтар ұсынған құжаттардың дұрыстығын тексеру мақсатында уәкілетті ұйымдарға сұраныс хаттар жолданған.
Мемлекеттік қызметтердің көрсетілу тәсілдеріне келер болсақ, олардың басым бөлігі Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы жүзеге асырылды. Жалпы көрсетілген 34 772 мемлекеттік қызметтің ішінде:
- ХҚКО арқылы – 15 257 іс немесе 43,8%;
- Электронды үкімет порталы арқылы – 671 іс немесе 1,9%;
- Проактивті қызметтер арқылы – 14 423 іс немесе 41,5%;
- Банктік қосымшалар арқылы – 4 395 іс немесе 12,6%;
- МӘС және Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы арқылы – 26 іс немесе 0,07%.
Бұл мәліметтер Шымкент қаласының әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің тұрақты жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді. Қала тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің түрлі арналар арқылы қолжетімді болуы және әлеуметтік төлемдерді тағайындау үдерісінің ашық әрі заңға сай жүзеге асырылуы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдарды аңғартады.
