Қалада 25 нысанда 40 субұрқақ орналасқан
Шымкент қаласында жайлы ортаны дамыту бағытында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Қалада 25 нысанда 40 субұрқақ орналасқан, олардың барлығы қазіргі уақытта кестеге сәйкес, автоматтандырылған таймерлер арқылы жұмыс істеп тұр. Қаланың субұрқақ жүйелерін жөндеуге және жаңартуға демеушілер тарапынан қолдау көрсетіліп, бірнеше электр жүйелері мен насостар ауыстырылды.
Әкімшілік-іскерлік орталықтағы «Тайқазан» субұрқағының электр жүйелері мен насостары толықтай жаңартылды. Сондай-ақ, әуежай аумағындағы субұрқақтар мен Орталық саябақтағы субұрқақтың насос жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орыс драма театры маңындағы субұрқаққа жаңа насостар орнатылып, Абай саябағындағы субұрқақтың электр жүйелері ретке келтірілді. Металлург саябағындағы субұрқақтың насосы мен құбыр жүйесі жаңартылып, күрделі жөндеуден өтті. «Имран» кешенінің алдындағы субұрқақ пен Чернобль гүлзарындағы субұрқақтардың насос жүйелері жаңартылды.
Қазіргі уақытта Әкімшілік-іскерлік орталықтағы әуенді субұрқақтың барлық насостары жаңартылып, қаланың эстетикалық көркін жақсартуға үлес қосуда. Қаладағы субұрқақтарға техникалық қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді, алайда сот шешімі бойынша мердігер анықталу процесі жалғасып жатыр. Сот шешімі 2024 жылдың 18 шілдесінде күшіне енді, және қазір келісімшарт жасасу кезеңі өтуде.
Қала тұрғындарының ұсыныстары негізінде Тәшенов және Түркістан көшелерінің қиылысында орналасқан тарихи Көл аумағында толықтай жаңарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Аумағы жаңартылып қана қоймай, оған үш жаңа субұрқақ орнатылып, іске қосылды.
Сонымен қатар, Ордабасы алаңындағы қоршаулар, гранит жабындылары, субұрқақтар және өрнектастар да жаңартылып, қаланың көріктендіру жұмыстарының бір бөлігі ретінде қолға алынды.
Шымкент қаласының субұрқақтар жүйесі мен қоғамдық кеңістіктерді жаңарту жұмыстары қаланың инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындар мен қонақтар үшін тартымды әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
