РУС ENG
4 ноября, 2026

Шымкент: Елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 100% құрайды

Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту саласында жартыжылдық қорытындылары бойынша атқарылған жұмыстар туралы баспасөз конференциясында ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша, кәрізбен қамтамасыз ету бойынша, электр жарығымен қамтамасыз ету бойынша, табиғи газбен қамту бойынша, жылумен қамтамасыз ету саласы бойынша, қала көшелерін жарықтандыру бойынша Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының  басшысы Меңдіқұлов Рзабек Балтабекұлы баяндады.

Спикердің сөзінше, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, қазіргі таңда, 81 елді-мекеннің 80-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 1 елді мекен кестемен (Құрсай) қамтамасыз етілуде. 2023 жылы 6 нысанның (Құрсай 1,2-кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам 1,2 және 3-кезек, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс) құрылыс жұмыстарына 9,5 млрд.теңге бөлініп, жыл қорытындысымен Қайнарбұлақ тұрғын алабы және Еңбекші ауданы бойынша 7 елді мекеннің жаңа құрылыс аумақтарында ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде, 37 мыңға жуық адам ауыз су жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Осыған орай, елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 98,5%-дан 99%-ға өсті. Сонымен қатар, 2024 жылы Құрсай, Қайтпас-1, және Бозарық тұрғын алабының жаңа құрылыс аумақтарын ауыз сумен толық қамту жоспарлануда. Осыған орай, елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 100% құрайды.

Кәрізбен қамтамасыз ету бойынша, қазіргі таңда, 81 шағын ауданның 25-і (713,5 мың адам) кәріз жүйесімен қамтамасыз етілсе, 56 шағын аудан қамтылмаған. 2023 жылы 9 нысанның құрылыс жұмыстарына 8,6 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 2 магистралды кәріз коллекторының (Тұраннан КОС-қа дейінгі магистрал, Шымсити коллектор), 7 ішкі орамдық жүйенің (Мирас- Шапағат-2, Тассай, Тұран ішкі жүйе, Қайтпас-2, Нұртас, 112 орам, Бозарық 74 га) құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жыл қорытындысымен 4 нысанның (Тассай, Қайтпас-2, 112 орам, Бозарық 74 га) құрылыс жұмыстары аяқталып, көпқабататты тұрғын үйлермен қоса 60 мыңға жуық адам кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде қамту көрсеткіші 60%-дан 65%-ға өсті. Сонымен қатар, 2024 жылы 2 магистралды кәріз коллекторының (Тұраннан КОС-қа дейінгі магистрал, Шымсити коллектор) және 6 ішкі орамдық жүйенің (Мирас-Шапағат-2, Нұртас, Тұран, Айқап, Қайтпас-1, Солтүстік-Батыс) құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 12,8 млрд.теңге жоспарланды. Құрылыс жұмыстары сәуір айынан басталды.