Шымкент қаласы бойынша 152 жеке және 9 мемлекеттік сот орындаушы қызметтерін атқаруда
Шымкент қаласы бойынша 152 жеке және 9 мемлекеттік сот орындаушы қызметтерін атқаруда. 2024 жылдың 1 жартыжылдығында олардың орындауында болған 457 617 атқарушылық құжат бойынша 563 млрд. 639 млн. теңгеден астам сома өндірілуге жататын. Оның ішінен 110 171 өндіріс 81 млрд. теңгеден астам сомаға аяқталған, 69 220 өндірістің талаптары нақты орындалып, 7,7 млрд. теңгеден астам өндірілді.
Заңнамада мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының құзыреттері нақты белгіленгендіктен, өндірістердің басым бөлігі – 99% — жеке сот орындаушыларының орындауына түскен. Орындалуға жататын талаптарға тоқталатын болсақ, өткен жылы жалпы өндірістегі құжаттардың ішінен 218 944 іс — мемлекет кірісіне мәжбүрлеп өндірілетін ақша сомалары (айыппұлдар, салық қарыздары және т.б.).
Сонымен қатар, заңсыз салынған құрылыстарды бұзу, үйден (жайдан) мәжбүрлеп шығару, басқа да мүліктік емес сипаттағы жалпы 302 атқару құжаты орындауда болып, 86 бойынша өндірістер аяқталған, қалдықта 216 құжат орындалуға жатады.
Алимент өндіру санаттағы өндірістердің әлеуметтік маңыздылығы жоғары болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстарға толығырақ тоқталсақ. Жыл басынан алимент өндіру талаптары бойынша сот орындаушыларда 15 921 іс орындауда болып, 1 494-сі бойынша өндірістер аяқталған, қалдықта 13 777 құжат.Айта кетерлігі, осы санаттағы істермен айналысатын 5 жеке сот орындаушыларынан құралған арнайы кеңсе ашылған. Алименттік өндірістердің көбісі қазіргі таңда осы кеңседе жүргізілуде. Орындау барысындағы істердің ішінен 50%, яғни, 5 124 құжат бойынша алимент борышкерлердің айлық жалақысынан ұсталып жатыр. Сонымен қатар, үш айдан асатын мерзім ішінде өндірілмей жатқан «проблемалы» алименттік өндірістердің саны 710. Олар бойынша жалпы 1 млрд теңгеге қарыз қалыптасқан. Осы төлемдердің ұзақ мерзімде өндірілмеудің негізгі себептерінің бірі — борышкердің тұрғылықты мекенжайының анықталмауы, яғни, борышкерлердің іздеуде болуы. Сот орындаушылардың қаулыларына сәйкес 624 алимент борышкерлеріне қатысты іздеу жарияланып, істер уақытша тоқатылған.