Шымкентте жыл соңына дейін 500 қоғамдық көлікте аялдамалар дыбыс құралымен хабарланады деп жоспарланған
Шымкентте қазіргі таңда қоғамдық көліктерде аялдаманы дыбыстағыш құрылғымен қамту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде бұл құрылғы №12, №27, №35, №74, №84 бағыттағы жолаушылар көлігінде жалпы саны 110 автобуста орнатылған. Ал, жыл соңына дейін тағы 500 көлікте аялдамалар дыбыс құралымен хабарланады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, қоғамдық көлік жүргізушілеріне бірыңғай киім үлгісінің дизайн бекітіліп, тасымалдаушы компанияларға қамтамасыз ету міндеттелді.
Қазіргі қолданыстағы кешенді схема да өзектендіруді қажет етеді. Сондықтан халықтың сұранысын ескере отырып, жыл басынан бері 22 бағыттағы қоғамдық көліктердің сызбасы оңтайландырылды.
Сонымен қатар, қоғамдық көліктерде орнатылған қолданыстағы электронды билеттендіру жүйесіндегі туындаған мәселелерді шешу және бәсекелестік орта қалыптастыру мақсатында, жаңа электронды билеттендіру жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Жеке инвестор «SmartMobility» ЖШС-гі қызығушылық танытып, өз есебінен жүйенің бағдарламасын әзірлеп, қоғамдық көліктерге валидаторлар орнату жұмыстарын іске асыруда. Қазіргі таңда, тасымалдаушы мекеме «Shymkent bus» БК» ЖШС-не тиесілі 35 бағыттағы автобустарға орнатылды.
2024 жылғы 10 мамырдан бастап валидаторлар төлем қабылдауды бастады.
Аталған жүйе әдеттегідей көлік картамен, Avtobys мобильді қосымшасы арқылы Bluetooth, NFC, QR кодтары және контактісіз банк карталары арқылы төлемдерді қабылдауға мүмкіндік береді.Сондай-ақ, қосымша мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер және басқа санаттар үшін көлік карталарын сатып алмай-ақ, жеңілдетілген тарифтерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Жалпы бүгінде қаладағы 1142 автобустың 95 пайызға жуығы соңғы 5 жылда алынған. Қоғамдық көліктер жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Бүгінде қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығы І-топтағы мүгедектерге, «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төс белгі иегерлеріне, Тыл ардагерлеріне, зағип жандарға және олармен бірге жүретін бір адамға берілген. Ал 7-18 жасқа дейін мектеп оқушыларына тарифтің 50 пайызын төлеу жеңілдігі, студенттерге 50 теңге төлеу қарастырылған.
1 мамырдан бастап қала әкімінің тікелей тапсырмасымен қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі жоғарыда аталғандардан бөлек, келесі санаттағы азаматтарға да қолжетімді болды:
1)Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
2)жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
3)басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
4) «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандар;
5)ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;
6)1941 жылғы 22 маусым — 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар;
7) саяси қуғын-сүргiндер құрбандары ретiндегі адамдар;
8)екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
9)мүгедектігі бар балаларға;
10)70 жастан асқан зейнеткерлер;
11)мектеп оқушылары.
