Шымкент: Кәсіпкерлер палатасы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бағытында да жұмыс істейді
Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеттерінің бірі – еліміздегі кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасауға ықпал жасау болып табылады. Осыған орай Кәсіпкерлер палатасы тарапынан, жергілікті атқарушы және құзырлы-бақылаушы органдармен бірге кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларға барынша қолдау жұмыстары атқарылуда.
Нақты айтқанда жыл басынан бергі 5 айда Палатаға бизнестің құқығын қорғау бойынша 66 өтініш түскен. Ал былтыр тиісті мерзім аралығында 51 өтініш түскен болатын. Биыл сол өтініштердің 21-і оң шешімін тауып, 109 миллион теңгеден астам бизнестің құқығы қорғалды. Осы орайда Палатамыздың құқықтық блогы экономикалық және әлеуметтік блоктармен бірге тығыз жұмыс істеп, қажет болған жағдайда құқықтық-кеңестік көмек те береді.
Ал 2024 жылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестің 4 отырысы өткізіліп, онда бизнестің проблемалық 6 мәселесі қаралды. Кеңес отырысының нәтижесінде 18 ұсыным беріліп, 15-і орындалған. Бұл шешімдер кәсіпкерлік субъектілер тап болатын әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталғанын айта кету керек.
Құқықтық блоктың сарапшылары кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғау бойынша мобильді топтың құрамына, кәсіпкерлердің рейдерлік және қылмыстық қудалау алаңына заңсыз тарту фактілеріне қатысты өтініштерін қарайтын ведомствоаралық жұмыс тобының құрамына кіреді.
Бүгінгі таңда Кәсіпкерлер палатасы араласып жатқан мәселенің қатарында орталық деңгейде шешуді қажет ететін проблемалар бар. Мысалы, кәсіпкерлерге қатысты электр энергиясы тарифінің бағасы. Өткен айда осы мәселеге қатысты Палатада жиын өтіп, біздің ұсынысымызбен электр энергиясының тарифі 42,23 теңгеден 37,00 теңге/кВтсағ-қа дейін төмендетілді.
Кәсіпкерлер палатасында 5 айдың ішінде түскен құқықтық-нормативтік актілерге қатысты 36 сараптамалық қорытынды берілді, оның ішінде 5 қорытынды тиісті ескертпелермен берілгенін айта кету керек.
Бұған қоса Палата қызметкерлері мемлекеттік сатып алулар бойынша келісім комиссияларының да жұмысына белсене қатысады. Мысалы, жыл басынан бері екі комиссияның отырысына қатысып, оң қорытынды берілді.
Сонымен қатар, Кәсіпкерлер палатасы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бағытында жұмыс істейді.
Мемлекет басшысының 2023 жылдың 19 сәуірдегі Жолдауына сәйкес Үкімет және «Атамекен» ҰКП бірігіп интерактивті инвестициялық карта (Карта) әзірлейді.
Интерактивті инвестициялық карта – инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысында мониторинг жасауға мүмкіндік беретін цифрлық құрал. Онда инвестициялық жобаға қатысты барлық тарапқа, мысалы, кәсіпкер, жергілікті атқарушы орган, мемлекеттік орган, даму институттарына тиісті жауапкершілік бекітіледі.
Бүгінгі таңда инвестициялық жобалардың жалпы ұлттық бірегей пулының тізіліміне Шымкент қаласы бойынша жалпы сомасы 443 млрд 56 млн теңгені құрайтын 59 жоба енгізілген.
