Шымкентте орман қорларына тәулік бойы ғарыштық мониторинг жұмыстары жүргізіледі
Шымкент 2024 жылғы өрт қауіпті кезеңге ықтимал табиғи өрттерді жер жырту жолымен оқшаулау мақсатында жалпы ұзындығы 1110,5 км құрайтын минералды жолақтарды жырту жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында – 241,4 км, орман алқаптарында — 467 км және егіс алқаптарының айналасында — 402,1 км. (2023 жыл 1075,3 км құрайтын минералды жолақтарды құру жұмыстары жүргізілді).
Бүгінгі таңға Республикалық маңызы бар жолдардың жанында 117 га минералды жолақтарды жырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Жасыл-Белдеу» орман шаруашылығының аумағында ені 4 метрден кем емес 157 шақырымды минералдық жолақтарды жырту, жаңалау жұмыстары және мекемеге қарасты 976 га жер учаскесінде жасыл екпелерді өрттен қорғау мақсатында 5 км қашықтықта өртке қарсы үзілістер жасалынды.
Ал Департаментте, болуы мүмкін орман дала өрттерін сөндіруге жоғары өтімді 13 бірлік техника (негізгі — 5, арнайы — 4, қосалқы — 4) және 84 адам жеке құрамы ұдайы дайындыққа келтірілген. Өрт қауіпті кезеңде орман аэровизуалды бақылау жұмыстарын жүргізуге арналған 5 дана пилотсыз ұшу аппараттары дайындыққа келтірілген. «Казавияқұтқару» АҚ-ның тікұшақтарымен су алу үшін пайдалануға болатын су айдындарының кординаттары анықталған. ( Бадам, Тогуз, Ақжар, Текесу су қоймалары).
Департаментте ашық ғаламтор желісіндегі Қазақстан Ғарыш сапары сайты арқылы орман қоры аумағына тәулік бойы ғарыштық мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Табиғи және техногенді сипаттағы өрт орын алған кезінде Шымкент қаласы, Түркістан облысының Төтенше жағдайлар және Шымкент қаласының Полиция департаменттерімен, сондай-ақ қала аумағындағы әскери бөлімдермен өзара әрекет ету іс-қимыл жоспарлары бекітілген. Бірінші жарты жылдық профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізу жоспарына сәйкес, Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі және Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі РММ-не наурыз-сәуір айларында профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктерді жою туралы нұсқама ұсынылды.
