Шымкентте МӘМС шеңберінде ересектер мен балаларға медициналық оңалту көмегіне қолжетімділік артқан
Емдеу процесінде медициналық оңалту шаралары аса маңызды. Мәселен, инсульт, түрлі жарақаттар мен басқа да аурулардың асқынуында науқастардың аяққа тұрып, қалыпты өмір сүруіне қайта бейімделуі осы оңалтуға байланысты.
Шымкентте МӘМС шеңберінде ересектер мен балаларға медициналық оңалту көмегіне қолжетімділік артқан. Бүгінгі таңда кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары мен травматологиялық, пульманологиялық бағыттар бойынша 72 медициналық ұйым көмек көрсетеді.
Өздеріңіз білесіздер, медициналық оңалтуды талап ететін аурулардың бірі –инсульт. Науқастар отадан кейін төсекке таңылып қалады. Қуанышқа орай, қазіргі таңда реабилитацияның көмегімен өздері жүріп, қалыпты өмірге оралған азаматтар қаншама. Былтыр мәселен инсульт алған 2091 адамға медициналық оңалту қызметі көрсетілген. Биылғы жылғы 4 айда оңалту орталықтарында 700-ден астам науқас ем-шара қабылдады.
Жоғары технологиялық медициналық көмек бойынша, МӘМС жүйесінде сақтандырылу мәртебесі тұрғындар үшін жоғары технологиялы медициналық көмек, профилактикалық тексерулер мен оңалту шаралары, консультациялық-диагностикалық қызмет пен есепте тұрған науқастардың дәрі-дәрмекпен қамту аясын да кеңейткен. Азаматтар осылайша ай сайынғы жарна есебінен медициналық көмектің кеңейтілген спектріне ие болуда. Мәселен, соңғы 4 жылда 13 науқасқа құны 77 миллион теңге тұратын жасанды жүрек отасы жасалған.
Жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде МӘМС қаражатының есебінен 2024 жылы 4 айда 403 науқасқа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген.
Жалпы, биыл 1460 жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетуге 4 361 316 921, 67 теңге қарастырылған. Атап айтқанда, аруханаларда ми қан тамырларының күрделі бұзылыстарында, жүрек ауруларын емдеуде және бүйрек, бауыр трансплантациясы мен басқа да ауруларда қымбат бағалы күрделі ота түрлеріне қолжетімділік артып отыр.
