Еңбекші ауданы: 2024 жылы 47 көпқабатты үйдің аулаларын абаттандыру жоспарланған
Шымкент қаласы Еңбекші аудан бойынша 283 көпқабатты үйлер 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда. Бұл дегеніміз тұрғындар өз ұсыныстарын жасау арқылы, жергілікті бюджеттің қалыптасуына қатысады. 2023 жылы 29 балалар ойын алаңшасын құру жоспарланған болатын. 27 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 2 шарт бұзылды.
2024 жылы 47 көпқабатты үйдің аулаларын абаттандыру және жеке секторда 17 мекен-жайда кешенді балалар ойын алаңшасын орнату жоспарлануда. Жоба құны: 1,6 млрд.тг.
Қалған абаттандыруды қажет ететін 36 ауланы абаттандыру 2025 жылға жоспарлануда. Айтып өтсек, «11», «12», «Цементшілер», Көксай-2 шағын аудандары мен Қаратөбе, Жұлдыз тұрғын алаптары.
Сондай-ақ, аудан аумағында күз, көктем мезгілдерінде жауын-шашын суларының басуының алдын алу мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіліп 57 мекен-жай анықталған. 2022 жылы су алу қауіпі жоғары 21 мекен-жайларға ұзындығы 7,3 шақырымды құрайтын ирригациялық арықтар орнатылды. Ал, 2023 жылы 19 мекен-жайға ұзындығы 8,1 шақырым ирригациялық арықтарды орнату жұмыстарын мердігер мекемелер «Маверикс», «Сәтті құрылыс» ЖШС-тері жүргізді.
2024 жылдан бастап Шымкент қаласының маслихат шешімімен ирригациялық арықтарды орнату жұмыстары Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан жүргізіледі.
Аудандағы спорт алаңшаларына келсек, 2022 жылдың қорытындысымен спорт алаңшалар саны 107 дана құрады. Қала аумағында жаңа «Тұран» ауданының ашылуына байланысты Еңбекші ауданы аумағынан Әл-Фараби ауданы әкімшілік шекаралық аумағына 58 дана ашық спорт алаңшалары тапсырылды. Қазіргі таңда аудан аумағында 49 дана ашық спорт алаңшалары орналасқан. 2023 жылға 7 спорт алаңшасын орнату жоспарланып, тұрғындардың пайдалануына тапсырылды. 2024 жылы 8 ашық спорт алаңшасын орнату жоспарлануда. Мердігер мекемелермен келісім шарттар түзілуде
Жоба құны: 389 млн.тг.
Ауданға гүлзар салу мәселесіне келсек, Еңбекші ауданы әкімі аппараты тарапынан 2024 жылы 5 гүлзар салу жоспарлануда. Мердігер мекемелермен келісім шарттар түзілуде. Жоба құны: 562,4 млн.тг. Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес «ВI Group» ЖШС-нің демеушілігімен Жібек жолы көшесінің бойынан қала тұрғындары мен қонақтарына арналған қоғамдық кеңістік құрылуда.
