РУС ENG
4 ноября, 2026

2024 жылы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында 364 пәтер құрылысы жүргізілуде

Биыл Шымкент қаласы бойынша  мемлекеттік бағдарлама аясында 364 пәтер құрылысы жүргізілуде, аталған көрсеткішті нарықтан сатып алу арқылы 1000 пәтерге жеткізу жоспарлануда.

Тұрғын үйлердің   құрылыс жұмыстарының аяқталуы және пәтерлердің коммуналдық  тұрғын үй қорына өткізілуіне қарай кезектегі азаматтарға, соның ішінде тұрғын үй кезегі келген 449 пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына, 351 пәтер көпбалалы отбасыларға, 200 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетін болады.

Бұдан бөлек жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 900 жалдамалы пәтер берілмек.

2274 пәтер кезекте тұрған азаматтарға арналған жеңілдетілген 2-10-20, 5-10-20 бағдарламалары бойынша жыл соңына дейін беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, 2024 жылға өтпелі болған 244 пәтер несиелік негізде Отбасы банк арқылы азаматтарға қолданысқа табысталды.

Биылғы жылға Қамқор өңірлік бағдарламасына жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңге және «Отбасы банк» АҚ-нан 3 млрд. теңге жалпы 8 млрд теңге бөлініп, ағымдағы жылы 400-ден кем емес отбасыны несиелендіру көзделуде. Несиенің ең жоғары мөлшерлемесі 20 млн. теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлеме – 6%, бастапқы жарна 10%-дан кем емес, несиенің максималды мерзімі 25 жылға дейін. Тұрғын үйді бастапқы нарықтан ғана алу мүмкіндігі қаралған.

2024 жылға 200 млн. теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланған. Ағымдағы жылдың 22 қаңтарынан бастап құжат қабылдау басталып, бүгінгі таңға 218 азаматқа 199,9 млн. теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді. Оның ішінде: 1,2 — топ мүгедектігі бар азаматтар — 76; толық емес отбасылар -16; мүгедектігі бар бала асыраушы отбасылар — 49; бюджеттік мекеме қызметкерлері — 40; көпбалалы отбасылар — 30; жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар — 7.

Айта кету керек, 2023 жылы қайтарымсыз негізде жалпы сомасы 129,7 млн. тг. тұрғын үй сертифаттары төлем қабілеттілігін растаған 148 азаматқа берілген.