РУС ENG
4 ноября, 2026

«ТАЗА ӨЛКЕ» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ҚАЛАДАН 300 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Науқан бес аптаға созылады және әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар.

Қала әкімдігі тарапынан Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізудің іс-шара жоспары бекітілді. Экологиялық акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығында қала тұрғындары ерекше қолдау білдіріп, қоғам белсенділері, ерікті жастар, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау,  көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына белсене араласты.

Акция аясында 380 арнайы техника, 49 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Сонымен бірге, 282 шақырым көше бойы, 85 шақырым аяқ жолдары, 59 мың дана ағаштарды әктеу және қырқу жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде 300 тонна шамасында қоқыстар шығарылды. 355 шақырым ирригациялық жүйелер, 95 аялдамалар жуылып, 1200 дана қоқыс жәшіктері (урна), 285 дана орындықтар сырланды.

Қаланың таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Қоғамдық орындарды ластамау, ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі.

Күн сайын көркейіп келе жатқан Шымқаламыздың ажарын арттыру бірінші кезекте тазалық жұмыстарына байланысты. Аталған тазалық жұмыстары өз жалғасын табатын болады. Қала тұрғындарын 1 айға созылатын науқанға ары қарай белсене ат салысуға шақырамыз.

Айта кетейік, Шымкент қаласы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты қала аумағында 891 шақырымды құрайтын 443 магистралды көшелер бар. Аталған көшелердің санитарлық және механикалық тазалау жұмыстарын 5 мемлекеттік-жекеше әріптес атқаруда. Аталған мердігер мекемелермен 2023 жылы күзгі ағаш отырғызу маусымына орай 51 348 дана жай жапырақты, 9 586 дана қылқан жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Отырғызылған ағаш көшеттерінің биіктігі жай жапырақты ағаш көшететрі 3,5-4 метр, қылқан жапырақты ағаш көшеттерінің биіктігі 2-2,5 метрді құрайды.