РУС ENG
4 ноября, 2026

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ АУМАҒЫНА ҚАЛДЫҚТАРДЫ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫН САЛУҒА ШЕТЕЛ ИНВЕСТОРЛАРЫ ТАРАПЫНАН ҰСЫНЫСТАР ТҮСУДЕ

Ең алдымен, қаламыздағы негізгі экологиялық проблеманың бірі – ол қалалық ҚТҚ полигонның жағдайы. Өткен жылдың сәуір-мамыр айларында ҚТҚ полигонындағы 1,5 млн тонна дұрыс көмілмеген және 250 мың тонна бей-берекет шашылған қалдықтарды көму жұмыстары 100% аяқталды. Аталған жұмыстарға 24 техника (2 экскаватор, 2 погрузчик, 6 бульдозер, 10 камаз, 4 хова) жұмылдырылып, экологиялық талаптарды сақтай отырып жалпы көлемі 300 мың м3 топырақ төселінді.

Қазіргі таңда, ҚТҚ полигонында төтенше жағдайлардың алдын-алу мақсатында 15 техника (1 экскаватор, 2 погрузчик, 5 бульдозер, 7 камаз) жұмылдырылуда. 2023 жылғы жағдай бойынша қалалық полигонда төтенше жағдай орын алған жоқ. Ал 2022 жылы ҚТҚ полигонында 12 рет үлкен көлемде өрт орын алған болатын. ҚТҚ полигонына 01.01.2023 жылдан бастап 240 745,82 тонна қоқыс қабылданып, 81 904,005 тонна қоқыс  сұрыптауға жіберілді. Сұрыптау үлесі -34,02%. Эмиссия салығына (11 ай) 170 991 124,17 тг  төленді.

Сонымен қатар, біздің қаламыздағы коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажет екендігі бәрімізге мәлім.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласы аумағына қалдықтарды өңдеу зауытын салуға Испания, Қытай, Германия, Корея және Түрік инвесторлары тарапынан ұсыныстар түсуде. Қытай, Түрік компаниялары қалдықтарды өртеу зауытының құрылысын салуды ұсынды, Германия компаниясы полигон салу үшін заманауи материалдарды ұсынды. Ал испандық AUDITORES ENERGETICOS AFN (AEN) компаниясынан коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізу бойынша ұсыныс түсті.

Бірақ қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату кезінде алынған электр энергиясына бекітілген тарифтің болмауына байланысты өртеу зауытының құрылысы инвестор үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз. ҚР Экология кодексінің 324 бабына сәйкес уәкілетті орган (экология министрлігі) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату арқылы өндірілген электр энергиясына шекті аукциондық бағаларды бекітеді  және қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді салуға аукциондық сауда-саттық өткізеді.

Сонымен қатар, жаңа ҚТҚ полигонын салу мақсатында Ақтас-1 елді мекенінен 30 га жер телімі қарастырылып тиісті құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.