ШЫМКЕНТ: ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 96% — ҒА ӨСТІ
Шымкент қаласындағы табиғи газбен қамту көрсеткіші 96%-ға өсті. Бұл туралы Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдікұлов Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз конференциясында айтты.
Бүгінде қаламыз бойынша 81 елді мекеннің 54-і табиғи газбен қамтамасыз етілсе, 24-і жартылай көгілдір отын тұтынуға мүмкіндік алып отыр. Әзірге 3 елді мекен табиғи газбен қамтылмаған.
Өткен жылдың 12 айының қорытындысымен, қала аумағында Тұран шағын ауданы, Бозарық 74 га., Асар-2, Сауле, Нұртас ш.а, Нұртас ш.а, Солтүстік Саяжай шағын аудандарында табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары аяқталып, табиғи газбен қамтылды.Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қамту көрсеткіші 94% — дан 96% — ға өсті.
Сонымен қатар Қайнарбұлақ-1,2, Бозарық-1,2,3, Тассай, Ынтымақ-2 елді мекендері 2024 жылға өтпелі.
Кәрізбен қамтамасыз етуге келсек, қаладағы 81 елді мекеннің 26 елді мекені кәріз жүйесімен қамтамасыз етілсе, 55 шағын аудан қамтылмаған. 2023 жылы 9 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілді (Тұраннан КОС-қа дейінгі магистрал, Шымсити коллектор), 8 ішкі орамдық жүйенің (Мирас- Шапағат-2, Тассай, Тұран ішкі жүйе, Қайтпас-2, Нұртас, 112 орам, Бозарық 74 га). Жыл қорытындысымен 4 нысанның (Тассай, Қайтпас-2, 112 орам, Бозарық 74 га) құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық адам кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде қамту көрсеткіші 60%-дан 65%-ға өсті.
Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, 2023 жылы 6 нысанның (Құрсай 1,2-кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам 1,2 және 3-кезек, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс) құрылыс жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы 2 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, 4 нысанның құрылыс жұмыстары 2024ж. өтпелі. Нәтижесінде 2023 жылдың қорытындысымен 2 нысанның құрылысы аяқталып, 37 мыңға жуық адам сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, Шымкент қаласы бойынша ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98,5% — дан 99% — ға дейін өсті.
