ШЫМКЕНТ: 597,3 МЛРД. ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕ ЖЕКЕМЕНШІК ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ
«2023 жылы Шымкент қаласына 724,3 млрд теңге инвестиция тартылып, белгіленген жоспардың орындалуы 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 126% болды. Оның ішінде, мемлекеттік бюджеттен түскен инвестциялар көлемі 127 млрд теңге, ал жекеменшік инвестициялар 597,3 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, 2024 жылы 800 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 10,4 %-ға артуы күтілуде», — деді басқарма басшысы Біржан Қанатұлы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, Үшінші Мегаполисте 2023-2027 жылдар аралығында жүзеге асыру үшін, жалпы құны 1,6 трлн. теңгені құрайтын 224 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды. Онда жаңа 33 мыңнан аса жұмыс орындары ашылатын болады. Оның ішінде, 2023 жылы құны 102 млрд. теңгені құраған 46 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 357 жаңа жұмыс орыны ашылды. Ал 2024 жылы жалпы құны 257 млрд. теңге болатын 52 инвестициялық жобаны іске асырып, 5 432 азаматты жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Айта кету керек, 2027 жылға дейін өңдеу өнеркәсібі салаларында 320,4 млрд теңгеге 9,4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны бар 103 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Оның ішінде, 2023 жылы жалпы құны 14,6 млрд теңгені құраған 14 инвестициялық жоба іске асырылды. Жоба аясында 633 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл бағыттағы жұмыс 2024 жылы 16 инвестициялық жобаны жүзеге асырумен жалғасын табатын болады.
Қала аумағында жалпы аумағы 869 га. құрайтын 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 330,9 млрд. теңге сомасына 344 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, 229,0 млрд. теңгені құрайтын 284 жобада 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыс жүргізілуде.
«Оңтүстік» индустриялық аймағында 101,4 млрд теңгеге 3 мың жаңа жұмыс орындарымен 96 жоба іске асырылуда.
«Тассай» индустриялық аймағында 50,7 млрд теңгеге 2,6 мың жаңа жұмыс орнымен 43 жоба іске асырылуда.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының инвестициясы көлемі 130,5 млрд теңге болатын 62 жобадан тұрады, олар 3,7 мың жұмыс орнын құруды көздейді.
«Жұлдыз» индустриялық аймағында инвестициялық құны 167 млрд теңгені құрайтын, 4762 жаңа жұмыс орыны бар, 51 жоба іске асырылуда. Жалпы алаңы 306 га. құрайды.
«Бозарық» индустриялық аймағының жалпы аумағы 132 га құрайды. Аймақта 49,6 млрд. теңгеге 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарымен 25 жобадан тұратын пул әзірленді. Қазіргі таңда, жалпы құны 23,8 млрд. теңгені құрайтын 4 жоба орналастырылды.
Сондай-ақ, Сауда-логистикалық орталығында 43,5 млрд теңгеге 660 жұмыс орнын құрумен 8 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде 25,2 млрд теңгеге 285 жұмыс орнын құрумен 4 жоба жүзеге асырылған.
