РУС ENG
4 ноября, 2026

2025 ЖЫЛЫ АБАЙ АУДАНЫНДА КӘРІЗ ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 18 ПАЙЫЗДАН 55,5 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН ӨСЕДІ

Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты 27 елді мекеннің бүгінгі таңда 7 елді мекені кәріз жүйесімен қамтылған. Аудан бойынша 2023 жылы 5 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде: Достық шағын ауданы мен Бозарық шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлер аумағына кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталған.

Сонымен қатар, ұзындығы 7,3 шақырымды құрайтын Шымсити-Төлеметов колектор құрылысы, ұзындығы 20,5 шақырымды құрайтын Тұран — А-2 тас жолы колекторының құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған болатын.

2025 жылға Жайлау, Қатын көпір, Тельман, Ақниет, Қызылжар, Жиделі, Батыс, Ынтымақ шағын аудандарында кәріз жүйесімен қамту бойынша  құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Нәтижесінде 2025 жылы Абай ауданында кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 18 пайыздан 55,5 пайызға дейін өседі.

Сондай-ақ, Абай ауданы аумағында жалпы 1274 көшенің 185 көшесінде  144,2 шақырым ирригация жүйесі бар. Ауа-райының жауынды-шашынды мезгілдерінде аудан аумағында су басу қауіпі бар 18 мекен-жай анықталып, алдын алу бойынша 2022-2025жылдарға арналған жоспар бекітілген. Аталған бағытта, 2022 жылы 21 көшеге жалпы ұзындығы 11,4 шақырым, 2023 жылы жалпы 14 көшеге 5,5 шақырым ирригациялық арықтар салу жұмыстары жүргізілген.

Абай ауданы аумағындағы 1080,1 шақырымды құрайтын 1274 көшенің асфальт жол — 573 шақырым (48,5%), тас жол – 450,2  шақырым (25,7%), топырақ жолдар –57 шақырым (2,8%) құрайды.  2023 жылы аталған бағытта 3,1 млрд теңге қаржы қаралып,  57 көшеге 68,2 шақырым асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген болса, 2024 жылы 3,2 млрд теңгеге  86 көшеге 70,1 шақырым асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы жарықтандырылған көшелердің үлесін арттыру мақсатында 176 көшеге бюджеттік өтінім беріліп, 500,0 млн. теңге  қаржы қаралған.

Айта кетейік, Абай ауданы аумағында жалпы 27 елді мекенде 55 159 үй,  205 көп қабатты тұрғын үйде 257,7 мың халық орналасқан. Сонымен қатар, 1274 көшемен 230 әлеуметтік нысандар бар. Бүгінгі таңда ауданды инфрақұрылым жүйелерімен қамту жұмыстары толыққанды жүргізілуде. Аудан ауыз сумен 100% қамтылған, Электр жарығымен 26 елді мекен қамтылған, ол 96,3% құрайды. Табиғи газбен 23 елді мекен қамтылған ол 85,2% құрайды.