Президенттің пікірінше, халықаралық көлік және транзиттік бағдарлар тағы бір мүмкіндікке жол ашады
Бұл тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуына және осы дәліз арқылы жүк тасымалы көлемінің едәуір артуына зор үміт артылады.
– Кейінгі уақытта елдеріміз арасындағы ықпалдастықтың артып келе жатқанына көңіліміз толатынын атап өткім келеді. Екі елдің кәсіпкерлері мен азаматтары визасыз режим мен апта сайын ұшатын 20-ға жуық рейстің игілігін көріп отыр. Дегенмен бұл көрсеткішті арттыруға мүмкіндік бар. Сондықтан алдымызда атқаратын қыруар жұмыс тұр. Менің сапарым және Қатар басшылығымен бүгінгі пікір алмасулар өзара қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы халықаралық мәселелерге де ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси қақтығыстар мен қайшылықтардың, терроризмнің, төтенше климаттық жағдайдың жаһандық күн тәртібінен түспей тұрғанын әрі бұл дүниежүзінің қауіпсіздік архитектурасына нұқсан келтіретінін мойындау қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық қауіп-қатер Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында бекітілген халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарының бір мезгілде бұзылуынан туындайды.
– Жаңа қағидаттар мен нормаларға сай келісімге келу үшін қолайлы жағдай жасаудың жалғыз жолы – диалог. Сондықтан бүкіл жанжал БҰҰ Жарғысы және жалпыға ортақ халықаралық құқық негізінде шешілуге тиіс. Мен бұған сенімдімін. Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жүргізбей, бұл түйткілдің түйінін шеше алмаймыз. Ал Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шығатын жол таба алар емес. Демек, оның мүшелерінің құрамын анағұрлым кеңейту қажет. Бұл ретте Қазақстан Кеңесте орташа державалар мен дамушы елдердің де үні естілуі керек деп санайды. Осы орайда Қазақстан да, Қатар да дүниежүзіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісінде елеулі рөл атқара алады, – деді Президент.