ШАҒЫН ЛОГИСТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ ҚАЛАЙ ӘЛЕМДІ МОЙЫНДАТУДА?
Бүгін Астана қаласының бір топ белсенді жастары онлайн түрде «Өзіңді тап» әлеуметтік жобасы аясында «URBAN MOVING SERVICES» компаниясының Бас директоры, сарапшы, Қазақстандағы оншақты кәсіпорындардың негізін қалаушы, білікті кәсіпкер Жомарт Сматпен кездесу өткізіп, тәжірибе алмасты.
Үш сағатқа созылған кездесу барысында жастар білікті маманның шағын компания арқылы кезінде Қазақстандағы ірі логистикалық мекемелермен серіктес болып, трансұлттық жобаларға қалай қатысқандығы турасында естіп, өз сауалдарын қойды. Бұдан бөлек, Ж. Смат «ЕХРО-2017» Халықаралық көрмесі кезінде белсенді жастармен бірлесе маман даярлауға қатысқандығын, Алматы-Ашхабад бағытындағы логистикалық қатынасты бір ретке келтіруде жобалаушы үйлестіруші ретінде жұмыс жасағандығын ортаға салды.
Жастарды шағын логистикалық компанияның елдегі ірі кәсіпорындармен өзара серіктестік негізінде жұмыс жасап, ауқымды жобаларды жүзеге асырудағы тактикалық саясаты ерекше қызықтырды.
Ж. Смат – бүгінде АҚШ-та кәсібін өрбітіп, өз компаниясын құрып, одан бөлек, елде де бірнеше мекеме қызметін үйлестіріп отырған жетекші маман. Ол алыс-жақын шет елдерде сарапшы ретінде дәрістер өтіп, түрлі алаңдарда өзінің өткір ойларын ашық айтуда.
Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкер бірнеше белсенді жасқа атаулы бір реттік грант табыстайтындығын жеткізді.
Руслан Қазбекұлы
