ШЫМКЕНТТІҢ БАС БАСЫЛЫМЫ – СЕНІМДІ АҚПАРАТ КӨЗІ
«Шымкент келбеті»-«Панорама Шымкента» газеттері – республикалық маңызы бар үшінші қаланың бас басылымы. Бұқара мен билік арасындағы алтын көпірге айналған қос газетке биыл – 34 жыл. Газеттің алғашқы саны 1990 жылдың 21 шілдесінде жарық көрген.
«Шымкент келбеті» газетінің алғашқы редакторы Жұмамұрат Тұяқбаев ағамыз егемендіктің алғашқы жылдарында басылым үшін қиындықты көп көрген. Мәселен, белгілі журналист Нұрлан Кенжеғұлов өз сөзінде былай деді:
– «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің аяқ алысы алғашқыда ауырлау болды. Шығармашылық ұжым болғанымен материалдық-техникалық база жоқтың қасы еді. Газет басшысы, тәжірибелі журналист-жазушы Жұмамұрат Тұяқбаев қала халқына өзінің шеберлігі мен іскерлігін дәлелдеді. Облыстық басылымда талай жыл басшылық қызмет атқарған ағамыздың сыйлас құрдастары, інілері – Манап Өтебаев, Байдулла Қонысбек, Амалбек Тшанов, Болат Жылқышиев сынды азаматтар газеттің алғашқы тынысына дем беріп, бірі құрал-жабдық, компьютер, бірі ғимарат сыйлады. Кейін қала әкімі болған Анарбек Орман дербес баспахана орталығын ашуға қаржылай көмек беріп, ерлік жасады.
1995-1998 жылдары басылымның таралымы 25 мыңнан асқан. Газет қала төңірегінен тысқары, облыстың аудандарына да тараған. Жұмамұрат Тұяқбаев ағамыздан соң, ұжым басшылығына 2000-2006 жылдары Қайырғали Медет, 2006-2007 жылдары Анар Аспан, 2007-2009 Дәрменбай Шәріп, 2009-2010 жылдары Жеңіс Баһадүр, 2010-2011 жылдары Жарқынбек Төлтебай, 2011-2012 жылдар аралығында Захардин Қыстаубаев сынды журналистиканың майталмандары келді.
«Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің редакциясы 2010 жылы «Шымкент Медиа» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып құрылды. Газет басшылығына журналист Айгүл Қапбарова келгенде қала әкімдігінің демеуімен шығармашылық ұжымның екінші тынысы ашылды. Ол туралы оқырмандары әлі күнге дейін жылы пікірлерін білдіреді.
«Шымкент Медиа» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 2012 жылы «Шымкент ақпарат орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта тіркелді. Соңғы жылдары ақпарат орталығын елімізге танымал журналист Бақтияр Тайжан, сосын Нұрбол Орымбаев басқарды. 2024 жылдың қаңтарынан бастап орталыққа журналист, медиа-менеджер Ақбаян Сапарбаева басшылық етуде.
Басылым әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы оқырманға жедел түрде ақпарат таратып отырады. Бұл үрдіс «Шымкент келбеті»-«Панорама Шымкента» газеттерінің мегаполис жаршысына айналуына септігін тигізді. Олай дейтініміз, аймақтардағы өзге басылымдар біздің әрбір мағұлматты сенімді дереккөз ретінде қолданып келеді.
Редакцияның кәсіби мамандары 2013 жылы Жұмамұрат Тұяқбаев атындағы «Үздік ұжым» аталымының лауреаты, әр жылдарда облыс, қала әкімдіктерінің «Үздік қалалық БАҚ» номинациясының иегері атанды. «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің журналистері бірнеше рет «Алтын қауырсын» номинациясының иегері болды. Ұжымның қаламы қарымды журналистері спорттық шараларда да белсенді. «Қазақ» газетінің 100 жылдығына арнап журналистер арасында өткен турнирде ұжым кіші футболдан 3 орынды иемденіп, дипломмен марапатталды.
Бір атап өтерлігі, қала әкімдігі қос басылымға деген құрметі ретінде Шымкенттегі отбасылық саябақтан «Шымкент келбеті»,«Панорама Шымкента» газеттерінің аллеясын ашты.
Дәл қазір «Шымкент ақпарат орталығы» медиакеңістіктегі аясын ұлғайтып, миллиондық қаланың тұрғындары мен қонақтарын әрі қарай да сенімді ақпараттармен жедел қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.
