АЛМАТЫДА ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ ЖУРНАЛИСТЕР КЛУБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ БАС ҚОСТЫ
Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өңірлік ассамблеялар жанындағы журналистер клубы мүшелерінің көшпелі отырысы жалғасуда. Мақсат — көпұлтты елімізде халық бірлігінің сақталуында бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін арттыру.
Осы орайда Алматы қаласында өтіп жатқан жиынға Шымкент қаласынан қалалық ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының төрағасы, журналист Талғат Балтабаев, клуб мүшелері журналистер Әсет Әссанди, Ардақ Жақсылықова қатысуда.
Шыны керек, бүгінде фейк мәліметтер тез тарап, қоғамда үлкен толқулар тудыруда. Мұндай қауіп-қатердің алдын алуда журналистер қоғамдық санаға әсер ететін күшке, кәсіби дағдыға ие болуы керек. Бүгінгі толқынның ізін басып келе жатқан келесі буынға жоғары деңгейде білім мен біліктілік берілуі қажет.
Көшпелі отырыста Т.Балтабаев: «Біз геосаяси жағдай тым күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да біз ұлтаралық мәселелерге өте ұқыпты қарап, терең талдау жасауымыз тиіс. Мұндай форматтағы отырыс тек Астана, Алматыда ғана емес, Павлодар, Петропавл, Шымкент сияқты өзге аймақтарда да өтсе нұр үстіне нұр болар еді» деген ұсынысын жеткізді.
