ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН ПАЙДАЛАНУҒА ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІНЕ ЖАҢА ТАЛАПТАР ЕНГІЗІЛДІ
2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі қолданысқа енгізілді. Құжат құрылыс нысандарын пайдалануға қабылдау, заңсыз құрылысқа жол бермеу және нысандардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды нақтылайды.
Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Берік Дүйсенов мәлімдеді.
Жаңа нормаларға сәйкес мемлекеттік құрылыс инспекторының құрылыс нысанын пайдалануға қабылдау рәсіміне қатысуы міндеттелді. Сондай-ақ рұқсатсыз немесе заң талаптарын бұза отырып салынып жатқан нысандар анықталған жағдайда, тиісті ақпарат сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті органдарға үш жұмыс күнінен кешіктірмей жолданады.
Бұдан бөлек, анықталған заң бұзушылықтардың нәтижесі бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарға ауыртпалық енгізу қажеттілігі туралы мәліметтер кадастр органдарына беріледі.
2026 жылдың 9 айында қала аумағында құрылыс нысандарына қатысты 132 бақылау іс-шарасы жүргізіліп, 314 хаттама толтырылды. Жалпы айыппұл көлемі 78,1 млн теңгені құрады.
Оның ішінде:
▪️ заңсыз құрылыстар бойынша – 91 нысан, 33,6 млн теңге;
▪️ құрылыс сапасына қатысты – 22 нысан, 27,3 млн теңге;
▪️ үлестік қатысу мәселелері бойынша – 19 нысан, 17,1 млн теңге.
Сонымен қатар анықталған заң бұзушылықтарға байланысты 22 талап арыз сотқа жолданып, оның 14-і қанағаттандырылды. Қалған 8 талап арыз сотта қаралуда.
Жаңа талаптар құрылыс нысандарының қауіпсіздігі мен қолжетімділігіне де қатысты. Атап айтқанда, халық көп жиналатын және биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарды пайдалануға қабылдау кезінде олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін растау қарастырылған.
Ал 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету фактісін растауға қатысты талаптар да енгізілді.
Толығырақ: https://www.youtube.com/watch?v=7cu7QllMkGI
