РУС ENG
4 ноября, 2026

ШЫМКЕНТТІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ БАҚЫЛАУДА

Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласының экологиялық ахуалы, кәсіпорындарға жүргізілген бақылау жұмыстары, атмосфералық ауа сапасы және заңсыз қоқыс орындарын жою бағытындағы жұмыстар туралы айтылды.

2026 жылдың 9 айында Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті 36 тексеру жүргізген. Оның ішінде 17 мекемеге профилактикалық бақылау, 14 нысанға жоспардан тыс тексеру және 5 мекемеге талаптарға сәйкестігін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде 63 әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. Сонымен қатар, анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде 36 нұсқама берілді.

Экологиялық талаптарды бұзған бірқатар кәсіпорындарға ірі көлемде айыппұл салынды. Заң талаптарын өрескел бұзған үш кәсіпорынның қызметін уақытша тоқтату туралы сотқа іс жолданып, сот шешімімен олардың жұмысы тоқтатылды. Бұдан бөлек, экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеген «DIP TRANS LOGISTICS» ЖШС мен «Тазалық СК» ЖШС-ға да сот шешімімен айыппұл салынып, қызметі әртүрлі мерзімге тоқтатылды.

Қаладағы экологиялық ахуалдың маңызды бағыттарының бірі – атмосфералық ауа сапасын бақылау. «Қазгидромет» мониторингі бойынша Шымкенттегі атмосфералық ауаның ластану деңгейі көтеріңкі деп бағалануда. Қалада 4 ірі кәсіпорында – «ПКОП», «Стандартцемент», «Шымкентцемент» ЖШС-лары және «3-Энергоорталық» АҚ-да атмосфералық шығарындыларды автоматтандырылған бақылау жүйесі енгізіліп, онлайн мониторинг жүргізілуде.

Сонымен бірге тұрғындардан жағымсыз иістерге қатысты, әсіресе түнгі уақытта, шағымдар түсуде. Осыған байланысты Экология департаменті индустриялық аймақтарға іргелес аумақтарда, сондай-ақ «ПКОП» ЖШС маңында тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Жағымсыз иістің пайда болу себептерін анықтау мақсатында түнгі рейдтер ұйымдастырылып, әрбір өтініш бойынша жағдайға талдау жасалуда. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылған.

Өзендердің экологиялық жағдайы да бақылауда. 2026 жылдың алғашқы 6 айында Қошқар ата, Қарасу, Бадам, Сайрамсу өзендері мен бірқатар каналдарға мониторинг жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде Қошқар ата, Қарасу және Бадам өзендерінің кей бөліктерінде ластаушы заттар концентрациясының жоғарылағаны анықталған. Мамандар мұндай жағдайға суару желілерінен түсетін төгінділер және өзен арналарының қала аумағындағы тығыз орналасқан аудандардан өтуі әсер ететінін атап өтті.

Қалалық аумақтағы заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою бойынша да жұмыстар атқарылуда. 2026 жылғы 8 маусымдағы ғарыштық түсірілім нәтижесінде Шымкентте рұқсат етілмеген 30 қоқыс орны анықталды. Оның 12-сі Абай, 1-еуі Әл-Фараби, 6-уы Еңбекші, 5-еуі Қаратау және 6-уы Тұран аудандарына тиесілі. Аталған орындарды санитарлық тазалау және тиісті шаралар қабылдау үшін аудан әкімдіктері мен полиция органдарына хаттар жолданды.

Экологиялық талаптардың сақталуын бақылау, атмосфералық ауа мен су ресурстарының жағдайын зерделеу, сондай-ақ заңсыз қалдықтарды жою бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Толығырақ: https://youtube.com/live/nYa8duGRyOY?feature=share
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ