Түркістан облысы: экономиканы әртараптандыруға және инвестиция тартуға басымдық берілуде
Қазақстан экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету, өңірлердің өндірістік әлеуетін арттыру және экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстар Түркістан облысында да жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл ретте көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, жаңа өндірістер ашу, ауыл шаруашылығын жаңғырту және инвестициялық жобаларды іске асыру өңірдің экономикалық саясатының негізгі басымдықтарына айналған.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026 жылдың қаңтар–маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралып, ел экономикасының негізгі салаларындағы өсім қарқыны сараланды. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс арқылы қатысты.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жылдың алғашқы алты айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,1 пайызға өскен. Нақты сектордағы өсім 5,1 пайызды, қызмет көрсету саласындағы өсім 3,5 пайызды құрады. Құрылыс 15,2 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға, көлік қызметтері 7,1 пайызға, сауда 5,7 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға және байланыс саласы 4,3 пайызға артқан.
Бұл көрсеткіштер экономиканың тек шикізаттық бағытта емес, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік, сауда және агроөнеркәсіп секілді салалар есебінен әртараптанып келе жатқанын көрсетеді. Түркістан облысы үшін де осы бағыттағы міндеттер өзекті. Өңірдің ішкі экономикалық әлеуетін толық пайдалану, жергілікті өндірісті ұлғайту және сыртқы нарықтарға шығатын бәсекеге қабілетті өнім көлемін арттыру арқылы экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін көтеру көзделуде.
Осы тұрғыдан алғанда көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдірудің маңызы зор. Биыл «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл жоба Түркістан облысының көлік байланысын күшейтіп қана қоймай, өңірдің транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді. Теміржол желісінің іске қосылуы жүк тасымалының тиімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерін ішкі әрі сыртқы нарықтарға жеткізуге жаңа мүмкіндік береді.
Сонымен қатар көлік инфрақұрылымын цифрландыру, автомобиль жолдарының сапасын арттыру және транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану мәселелеріне басымдық берілмек. Бірыңғай деректер платформасын қалыптастыру арқылы көлік саласына жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу де логистикалық үдерістердің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Өңір экономикасын әртараптандыруда энергетикалық жобалардың да орны ерекше. Түркістан облысында салынып жатқан бу-газ қондырғысының белгіленген мерзімде іске қосылуы өндіріс пен кәсіпкерлік нысандарын тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Энергетикалық инфрақұрылымның нығаюы жаңа инвестициялық жобаларды орналастыруға, өндіріс қуаттарын арттыруға және кәсіпкерлік белсенділікті күшейтуге жағдай жасайды.
Ауыл шаруашылығы облыс экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып қала береді. Сондықтан егін жинау жұмыстарын сапалы ұйымдастырумен қатар, агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және мақта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту міндеттері алдыңғы қатарда тұр. Бұл ауыл шаруашылығы шикізатын дайын өнімге айналдырып, қосылған құнды өңірде қалдыруға мүмкіндік береді.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы өндірісінің технологиялық деңгейін арттыру да өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды факторлар. Өнімділікті арттыру арқылы шаруалардың табысын көбейтіп, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік молаяды.
Инвестиция тарту бағытында да нақты міндеттер белгіленген. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетін тиімді пайдалану арқылы жаңа өндірістер ашу, кәсіпкерлік ортаны кеңейту және жоғары қосылған құны бар өнім өндіру көзделіп отыр. Мұндай жобалар өңірдің импортқа тәуелділігін төмендетіп, жергілікті қамту үлесін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сауда саласын дамыту да экономиканың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылды. Өңірлерге өз әлеуетін тиімді пайдаланып, өндіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тарту және тауар айналымын арттыру бойынша нақты көрсеткіштер белгілеу тапсырылды. Осыған байланысты Түркістан облысында сауданы дамытудың өңірлік жол картасын әзірлеу арқылы өндіріс пен өткізу нарықтарының өзара байланысын күшейту көзделеді.
Экономикалық өсімнің тағы бір маңызды бағыты – шағын және орта бизнесті дамыту. Өндіріс, қызмет көрсету, сауда және агробизнес салаларындағы кәсіпкерлік жобаларды қолдау жергілікті экономиканың тұрақтылығын арттырып, халықты жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану арқылы жаңа кәсіпорындар ашылып, отандық өнім көлемі ұлғаяды.
Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері де өңірдегі экономикалық белсенділіктің жоғары екенін аңғартады. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім 123,3 пайызды құрап, облыс республикада бірінші орынға шықты.
Алдағы кезеңдегі негізгі міндет – қол жеткізілген өсімді тұрақты сипатқа айналдыру. Ол үшін өндірісті ұлғайту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестициялық жобаларды уақтылы іске қосу, ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыру және көлік-логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту қажет. Осы шаралардың нәтижесінде Түркістан облысының ішкі экономикалық әлеуеті күшейіп, жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті бюджет кірісі артып, өңірдің инвестициялық тартымдылығы одан әрі жоғарылай түседі.
