РУС ENG
4 ноября, 2026

Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі күшейіп, экспорттық әлеует артып келеді

Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, импортқа тәуелділікті азайту, отандық өндірісті дамыту және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл ретте өңір экономикасының өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін көтеру, ішкі нарықты сапалы қазақстандық өніммен қамту, жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға басымдық беріліп отыр.

Осы мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. Жиында импортты алмастыруға бағытталған жобаларды іске асыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, экспорт көлемін ұлғайту, ішкі нарықтағы бәсекелестікті сақтау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері қаралды.

Облыс әкімі өңірдің шикізаттық бағыттан біртіндеп арылып, қосылған құны жоғары дайын өнім өндіруге көшуі маңызды екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде жаңа өндірістер ашуға, тұрақты жұмыс орындарын құруға, жергілікті кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және облыстың экономикалық дербестігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Түркістан облысының экспорттық әлеуеті тұрақты өсіп келеді. 2024 жылы өңірден 1 млн 357 мың тонна өнім экспортталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 млн 571 мың тоннаға жетіп, 16 пайызға артқан. Ал биылғы төрт айда 795,3 мың тонна өнім сыртқы нарыққа шығарылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге өскен. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдері – 576,6 мың тонна, мал шаруашылығы өнімдері – 20,5 мың тонна, қайта өңдеу өнеркәсібінің өнімдері 198,1 мың тоннаны құрады.

Экспорт көлемінің артуы облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін ғана емес, қайта өңделген тауарларды да сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Сондықтан ұлттық экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау, олардың жаңа нарықтарға шығуына жағдай жасау, өнім сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендіру және логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту маңызды бағыттардың бірі болып отыр.

Сонымен қатар өңірге келетін импорт көлемінде төмендеу үрдісі қалыптасқан. 2024 жылы 761 мың тонна өнім импортталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 748 мың тоннаға дейін азайды. Биылғы төрт айда импорт көлемі 251 мың тоннаны құрап, өткен жылдың осы кезеңіндегі 255,5 мың тоннадан төмендеді.

Импортты азайтудың негізгі тетігі – жергілікті өндірісті дамыту. Қазіргі таңда облыста еден жабындары, алюминий өнімдері, жіп, скотч, тұрмыстық тоңазытқыштар, алкогольсіз сусындар және басқа да өнімдер шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. Сонымен бірге мата, биологиялық белсенді қоспалар, алюкоцинк өнімдері, ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектерін өндіретін жаңа жобалар жүзеге асырылуда.

Шикізатты терең өңдеу бағытында да нақты жобалар әзірленген. Республикадан шикізат күйінде шығарылатын мыс, алюминий, темір, полипропилен секілді өнімдерді облыс аумағында өңдеп, дайын тауарға айналдыру мүмкіндігі қарастырылған. Осы мақсатта мыс құбырлары, радиаторлар, кабельдер, алюминий профильдері, құрылыс материалдары, металл конструкциялары және полипропиленнен жасалатын бұйымдар өндіретін 40 инвестициялық жоба әзірленіп, олардың әрқайсысына инвестициялық паспорт дайындалды.

Аталған жобалардың іске асуы ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтып қана қоймай, шағын және орта бизнестің өндірістік әлеуетін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар қазақстандық қамту үлесін көбейтіп, жергілікті кәсіпкерлердің ірі өндірістермен кооперациялық байланысын күшейтуге мүмкіндік береді.

Азық-түлік қауіпсіздігі де өңірдің экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуінің маңызды көрсеткіші. Қазіргі таңда облыс халқы көкөніс, бақша, картоп, жүзім, сиыр, қой және жылқы еті, сондай-ақ сүт өнімдерімен толық қамтамасыз етіледі. Дегенмен құс етімен қамтамасыз ету деңгейі – 21 пайыз, жұмыртқа – 47 пайыз, шұжық өнімдері – 50 пайыз. Осы тапшылықты азайту мақсатында жалпы құны 60 млрд теңгені құрайтын төрт ірі жоба жүзеге асырылуда.

Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінде 2026-2028 жылдарға арналған жол картасы аясында жалпы құны 269 млрд теңге болатын 43 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 2 115 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 96,3 млрд теңгенің 19 жобасын жүзеге асыру көзделсе, қазіргі таңда 17,4 млрд теңгелік бес жоба іске қосылып, 140 жаңа жұмыс орны құрылған.

Түркістан облысының шекаралық орналасуы да экономикалық өсімнің маңызды факторына айналып отыр. Шекара маңындағы сауданы дамыту, көрші мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, отандық тауарлардың сыртқы нарыққа шығуына қолайлы жағдай жасау өңір кәсіпкерлерінің мүмкіндігін арттырады. Бұл бағытта сауда инфрақұрылымын жетілдіру, логистиканы дамыту және экспорттаушыларға мемлекеттік қолдау көрсету маңызды.

Ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін баға белгілеу мәселесі де тұрақты бақылауда болуы тиіс. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, делдалдық буынды қысқарту, өндіруші мен тұтынушы арасындағы тікелей байланысты күшейту қажет. Бұл ретте кәсіпкерлердің заңды мүддесін сақтай отырып, негізсіз баға өсіміне жол бермеу және бәсекелестік орта қалыптастыру басты назарда болуы керек.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау да өңірдегі экономикалық саясаттың ажырамас бөлігі. Сапалы өнім өндіру, тауардың қауіпсіздігі мен талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру арқылы ішкі нарықтағы сенімді күшейтуге болады. Сапалы қазақстандық өнімге сұраныстың артуы өз кезегінде жергілікті кәсіпорындарды өндірісті жаңғыртуға және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ынталандырады.

Осылайша, Түркістан облысында инвестиция тарту мен өндірісті дамыту, импортты алмастыру, экспортты ұлғайту, шекара маңы саудасын кеңейту, баға тұрақтылығын сақтау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау өзара сабақтастықта жүзеге асырылуда. Бұл шаралар өңірдің экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған.

Алдағы кезеңде жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктері импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған жобаларды жедел іске қосып, өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуды күшейтуі қажет. Негізгі мақсат – Түркістан облысын сапалы отандық өнім өндіретін, сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті тауар ұсынатын және кәсіпкерлік үшін қолайлы экономикалық орта қалыптасқан өңірлердің біріне айналдыру.