РУС ENG
4 ноября, 2026

Түркістанда жасыл экономиканы дамытуға бағытталған жаңа өндірістік жоба іске асуда

Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру және өңірдің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыру бағытында дәстүрлі өндірістермен қатар, экологиялық және агротехнологиялық жобаларды дамытуға басымдық берілуде. Соның бірі – елді мекендерді көгалдандыруға қажетті ағаш пен гүл көшеттерін жергілікті жерде өндіруге мүмкіндік беретін жаңа тұқымбақтың іске қосылуы. Жоба экологиялық міндеттерді шешумен қатар, жаңа өндірістік бағыт қалыптастырып, жергілікті өнім көлемін арттыруға, жұмыс орындарын құруға және инвестициялық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жасыл желекті көбейту, елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсарту және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу жөніндегі тапсырмалары Түркістан облысында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта Түркістан қаласында жалпы аумағы 10 гектар болатын заманауи тұқымбақ салынды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа нысанның жұмысымен танысып, оның өндірістік қуатын арттыру және облыстың көшетке деген сұранысын жергілікті өндіріс есебінен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Облыс әкімі тұқымбақтарды тек Түркістан қаласында ғана емес, аудан-қалалардың барлығында дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл өз кезегінде көгалдандыру жұмыстарын жеделдетіп қана қоймай, жаңа кәсіпкерлік бағыттардың қалыптасуына жол ашады.

Жалпы құны 400 млн теңгені құрайтын «Түркістан қаласы аумағындағы тұқымбақ» жобасының құрылысы 2025 жылдың қазан айында басталған. Нысанды күтіп ұстауға және басқаруға «SK Geokart» ЖШС жауапты. Қазіргі таңда тұқымбақта ағаш және гүл көшеттерін өсіру жұмыстары басталып, алғашқы нәтижелерін беруде.

Жоба толық қуатына шыққанда жыл сайын 700 мың түп біржылдық гүл, 1 млн түп жапырақты ағаш көшеті, 50 мың түп қылқанжапырақты ағаш және 100 мың түп көпжылдық гүл өсіру жоспарланған. Яғни нысанның жалпы өндірістік қуаты жылына 2 млн түпке жуық көшет пен гүл өндіруге мүмкіндік береді.

Бұл өндірістің өңір экономикасы үшін маңызы зор. Бұған дейін көгалдандыруға қажетті көшеттердің белгілі бір бөлігі сырттан жеткізілсе, жергілікті тұқымбақтың қуаты артқан сайын облыстың өз ішіндегі сұранысты отандық өніммен қамтамасыз ету мүмкіндігі кеңейеді. Осы арқылы логистикалық шығындар қысқарып, жергілікті өнімнің үлесі артады және көгалдандыру жобаларының тұрақты шикізат базасы қалыптасады.

Тұқымбақтың дамуы ауыл шаруашылығы мен агротехнология саласындағы экономикалық байланыстарды да күшейтеді. Көшет өндірумен қатар тұқым дайындау, топырақ өңдеу, суару жүйелері, тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары, зертханалық қызмет және логистика сияқты бағыттарға сұраныс артады. Бұл шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді.

Жобаның келесі кезеңінде жылыжай аумағын кеңейту, асфальт жол салу, табиғи газ және ауыз су желілерін тарту жоспарланған. Сонымен қатар Арыс–Түркістан су жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалану көзделіп отыр. Өсімдіктердің сапасын арттыру мақсатында арнайы зертхана құру да қарастырылған.

Зертхананың іске қосылуы тұқым мен көшеттердің сапасын бақылауға, өсімдіктердің жергілікті климатқа бейімділігін зерттеуге және өндірістік процестерді ғылыми негізде жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл қазақстандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Сапалы әрі климатқа бейімделген көшет өндіру арқылы өңірдің ішкі қажеттілігін өтеумен қатар, болашақта басқа облыстардың сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік туындайды.

Тұқымбақтың өндірістік қуатын арттыру инвестициялық мүмкіндіктерді де кеңейтеді. Жергілікті өндіріс қалыптасқан сайын жеке инвесторларды жаңа жылыжай кешендерін, питомниктерді және өсімдік шаруашылығына арналған технологиялық нысандарды салуға тартуға жағдай жасалады. Мемлекеттік қолдау мен жеке инвестицияның үйлесуі жасыл экономика секторын жаңа өндірістік бағыт ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Өнім көлемі мен сапасы тұрақты артқан жағдайда Түркістан облысы көшет өндіру бойынша тек ішкі қажеттілікті қамтамасыз ететін емес, өзге өңірлерге өнім жеткізетін орталыққа айнала алады. Алдағы уақытта көршілес елдермен сауда-экономикалық байланыстарды дамыту аясында климаттық жағдайы ұқсас нарықтарға көшет пен сәндік өсімдіктерді экспорттау мүмкіндігі де қарастырылуы ықтимал. Бұл ұлттық экспорттаушылар үшін ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес жаңа бағытын қалыптастырады.

Көгалдандыру жұмыстарының ауқымы да жылдан-жылға кеңейіп келеді. Президенттің республика аумағына 15 млн ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл Түркістан облысында 1 млн-нан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Көктемгі маусымда оның 332 мыңнан астамы егілді. Қазіргі таңда көшеттер облыстағы 14 жергілікті тұқымбақта өсірілуде. Сонымен қатар инвесторлардың қолдауымен қосымша 1 млн-нан астам ағаш отырғызу жоспарланып, белгіленген көрсеткішті артығымен орындауға мүмкіндік бар.

Осы жұмыстардың барлығы экологиялық міндеттермен қатар, экономикалық әсері бар ұзақ мерзімді саясаттың құрамдас бөлігіне айналып отыр. Көгалдандыруға қажетті өнімді жергілікті жерде өндіру өңірдің экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігін күшейтіп, жаңа өндіріс орындарын қалыптастырады, жұмыспен қамтуды арттырады және кәсіпкерліктің жаңа бағыттарын ашады.

Жалпы, Түркістандағы жаңа тұқымбақ – «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асырудың экологиялық жобасы ғана емес, өңірдің жасыл экономикасын дамытуға бағытталған инвестициялық-өндірістік нысан. Оның толық қуатқа шығуы жергілікті нарықты сапалы көшетпен қамтамасыз етіп, қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға, жаңа кәсіпкерлік мүмкіндіктер қалыптастыруға және болашақта экспорттық әлеуетті дамытуға негіз болады. Бұл Түркістан облысының экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты даму бағытындағы жаңа қадамдарының бірі.